Бар жақсылық – ана мен балаға

Қаламызда «Жұмыспен қамтудың Жол картасы-2020» бағдарламасы қарқынды жүзеге асуда. Мемлекеттік бағдарлама аясында биылғы жылы қалалық ауруханаға қарасты Перзентхана ғимаратына толыққанды күрделі жөндеу жасалуда.

Ғимарат 1963 жылы пайдалануға берілген. Содан бері 2003 жылы «Қазақмыс» корпорациясының ұйытқы болуымен алғаш рет жөндеу жұмыстары жасалыпты. Енді, міне, араға 7 жыл салып «КZ Центр» ЖШС мердігер компаниясы жөндеу жұмыстарын жасауда. Бұл бағытқа қазынадан 223 млн көлемінде қаражат бөлінген. Айта кетейік, ағымдағы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша қаламызда 421 бала дүниеге келіпті.

– Қазіргі уақытта есік, терезе, төбесі мен шатыры, нысанның сыртқы бөлігі толық жаңартылуда. Канализация, жылу, су құбырлары толық ауыстырылуда. Электр желілерін жаңарту жұмыстары 70 пайызға орындалып, шатыры да жаңадан салынуда. Жөндеу жұмыстарына 30-дан астам адам жұмылдырылған. Олардың 17-сі жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке араласуда, – дейді «KZ Центр» ЖШС аға шебері Валерий Яровенко.

Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жөндеу жұмыстары ағым-дағы жылдың 1 маусымында басталып, жылдың соңына дейін жалғаспақ. Алайда, аталған мерзімнен бұрын аяқтау жоспарда бар.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.