Тәжірибелерімен бөлісті

Ішкі саясат бөлімінің жанынан құрылған қалалық жастар бастамашылдығы орталығы жас буынға өмірлік тәжірибесі мол, айтар ойы бар қаланың Құрметті азаматары мен ардагерлерінің қаланы дамытудағы қосқан үлестерін насихаттауда іргелі істерге ұйытқы болып келеді. Осындай кездесу жақында Жезқазған кентіндегі «Мерей» балалар үйінде өтті.

«Мерей» балалар үйінің директоры Бақыт Мақашева кездесудің мән-маңызын түсіндіріп, ақсақалдарға сөз кезегін берді.

Кенттегі «Жалғас» және М.Құлышева атындағы отбасы түріндегі «Балалық шақ» балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне қаланың Құрметті азаматы, ақын Мұса Тілуов пен ардагер кенші Боранбай Әбенов жүріп өткен өмір жолдарынан сыр шертіп, тәжірибелерімен бөлісті.

Боранбай ақсақал жастайынан әкеден, Мұса ағай әкеден де анадан да ерте айырылып, тағдырларына жазылған тауқіметтерін көтере жүріп, ер жеткен азаматтар.

– Сендер бақытты ұрпақсыңдар. Сендерге Елбасынан бастап қамқорлық жасауда. Ананың аялы алақанының жылуын сезінбей, әкенің ақылын ести қоймасаңдар да жасалған қамқорлықтың бағасын біліп, елге пайда әкелер азамат болып өсіңдер. Өмірдің сан тарау жолында қиындық атаулы кездеспей болмайды. Осы кездескен бұралаң жолдардың бұрқасыны мен дауылына, өкпек желіне қарсы тұрып, еш қиындыққа мойымауларың қажет, – деді ақсақалдар.

Ізгілік жолын мұрат тұтқан ел ақсақалдарының өмірлік тәжірибесі талай буынға азық болмақ.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.