Байытушылардың күре тамыры

Кеншілер өндірген кенді байытып, ел ырысын еселеген Сәтбаев байыту фабрикасы алып компания «Қазақмыс» корпорациясының алдыңғы қатарлы құрылымдарының бірі. Ширек ғасырдан аса тарихы бар байыту фабрикасының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысуға өндіріс орнын бетке алдық.

Фабриканың ғимаратына кіргенде жылы шыраймен қарсы алған бас механик Байғазы Тұяқбаев өндіріс ошағының іркілмей жұмыс жасауына бірден-бір себепкер болып отырған – шаң-желдеткіш цехна алып барды. Мұндағы жылудың бір қалыпты жүруіне ықпал жасап, таза ауаны, артық газды ретке келтіріп, кем-кетігін жөнге келтіріп отырған осы цехтың жігіттері. Бұлардың қызметінен ақау шықса байытушылардың да жұмысының ақсағаны. Ондай олқылықты болдырмай, жоспарды дер кезінде орындауды бұл жігіттер де жете түсінеді.

Валерий Ранценштейн басшылық ететін бұл топта 15 адам жұмыс істейді.

– Мұндағы 10 асперациялық құралдың, 44 желдеткіштің, артық газдың таралмауы мен жылумен қамтамасыз ету құрылғыларының үздіксіз қызмет етуіне осы бригаданың жігіттері жауапты. Топтағы кадрлардың барлығы еңбек әлеуетіне сай қызмет көрсете алатын жас мамандар өз істерін бес саусақтарындай біледі. Бастысы білімді талап етеміз. Олардың оқып, білім алуына біз әрдайым жағдай жасап отырамыз. Цехтың жұмысына арнайы білімі бар мамандар ғана араласа алады. Жоғарғы оқу орнында да оқып жүрген жастар бар. Еңбек қазаны қайнаған фабриканың осы бір цехындағы 15 жұмыскердің барлығы «сен тұр, мен атайын» деген жігіттер. Еңбекке араласқанына көп бола қоймаса да слесарь-жөндеуші Құрмет Бұқаров көзге түсіп жүр. Майталман мамандардан слесарь-жөндеуші Болат Бейсенәлиевтің, Боранбай Елубаевтың, Шаяхмет Күреңбаевтың цех жұмысына еңбегі сіңсе, жас мамандар Ербол Жакупов, Бақыт Бұқаров, Алмат Нұрымов сияқты жас жігіттердің үйренері, – көп дейді бас механик Байғазы Мырзағалиұлы.

– Еңбекке араласқаныма 8 айдан жаңа асты. Аз да болса да, тәжірибе жинақтап қалдым. Алғаш келгенде айлығымыз 40 мыңның маңайында болса, жаппай аттестациялаудың нәтижесінде 80 мыңға дейін көтерілді. Еңбек қауіпсіздігі бізде басты ұстанар қаруымыз. Оқу, білімге аса мән берілген. Байытушылардың күре тамырына айналып отырған біздің цехтың жігіттері өздеріне артылып отырған жауапкершілікке сай жұмыс жасауда. Айлық та көтерілді, енді, құлшына еңбек ету ғана қалды, – дейді Құрмет Бұқаров.

Күніне Анненск кенішінің 9 тонна кенін байытып отырған бұл фабрика алдағы кезеңде «Жомарттың» кенін байытпақ.

Осы тұста айта кету керек, байыту фабрикасы Халықаралық «KIOSH-2012» көрмесінде «Еңбектегі қауіпсіздікті сақтаудағы үздік қызметі» үшін номинациясына лайық деп танылды. Өндіріс мамандарының білгірлігі болуы керек, 28 жылдан бері өндіріс орнында еңбекте жарақат алу, қауіпті жағдайлар кездескен жоқ. Оның үстіне фабрикада жаңа технологиялардың үдерістері кеңінен даму үстінде.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.