Бетперде туралы не білеміз?

Қоғамда маскаға қатысты пікірталас қызып тұр. Әркім әртүрлі пайымға сүйенеді. Қалай дегенмен, заң, талап бәріне бірдей. Оны орындау керек. Бес жасқа дейінгі балалар, жаттығу жасаушылар және аллергиясы немесе басқа да тыныс алу жүйесі аурулары бар азаматтарға көшеде бетперде тақпауға рұқсат етілген. Бірақ, мамандар оларға көп адам жүретін жерлерге бармауға кеңес беріп отыр. Осы орайда біз көпшілікті мазалаған сұрақтарды Сәтбаев қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гаухар Жалмурзинаға жолдаған едік.

Балалар неше жастан бастап бетперде киюі керек? Жапониялық және басқа шетелдік педиатрлар балаларға маска киюге болмайды деп санайды, өйткені, бұл жеткіншектердің тыныс алуына кері әсер ететін көрінеді.

– АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, Франция, Польша, Германия, Испания және Сингапур елдерінің халықаралық тәжірибесі зерттелді. Мысалы, АҚШ-тың әр штатында маска тақпауға рұқсат етілген жас әртүрлі. Массачусетс, Иллинойс, Вермонт, Род-Айленд, Пенсильвания, Колумбия округі, Нью-Йорк штатында 2 жастан, Делавэр штатында 11 жастан міндеттелген. Германияда 6 жасқа дейінгі балалар бетпердесіз жүре алады. Австралияда – 12 жас, Ұлыбританияда – 3 жасқа дейін. Осыған байланысты, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі масканы міндетті түрде тағу ережесіне «5 жастан асқан балаларға» деп түзету енгізді.

Қазір қай жерде болмасын көлік рөлінде отырғандардың бәрі масқа тағып жүр. Өйтпеген жағдайда жол полициясы айыппұл салады. Жалпы, көлік ішінде маска тағу керек пе?

– Қоғамдық болса (автобус, пойыз, ұшақ, кеме немесе такси) – онда міндетті. Егер жеке көлік болса, онда тақпауға рұқсат. Егер салондағылар бір отбасы болса. Ал, бөгде адамдар отырған жағдайда сақтық шаралары үшін таққан дұрыс. «Ауру қаупін 30% төмендетеді» деген ғылыми негіздеме ескерілгендіктен, маска тағу ұсынылады.

Велосипедпен жүргенде маскасыз жүруге тыйым салынған дейді. Осы рас па?

– Жеке спортпен шұғылдану үшін маска кию қажет емес. Сонымен қатар, ашық ауада адамдар көп жиналатын жерлерде (мысалы, бағдаршамда, жаяу жүргінші өткелінде) велосипедші маска тағуы керек. Әлеуметтік қашықтық мүмкін болмаған кез келген жағдайда азаматтар бетперде тағуы қажет.

Ата-аналар мен балалар үйлерінің аулаларында серуендеу кезінде бетперде кию керек пе?

– Жеке үйдің ауласында міндетті емес. Көпқабатты тұрғын үйдің ауласында – иә, қажет. Бес жасқа дейінгі балалар мен бір отбасы мүшелерін қоспағанда.

Егер адамда тыныс алу жүйесі аурулары болса, бірақ, ол жұқпалы болмаса және дәрігерлер маска киюге кеңес бермеуі мүмкін. Олар бетпердесіз жүре алады ма?

– Медициналық қарсы көрсетілімдері бар, яғни, тыныс алу органдарының ауруларынан зардап шегетін адамдарға көпшілік жиналатын орындарға барудан бас тартуды ұсынамыз, өйткені, бұл адамдар тобы бірінші кезекте КВИ ауруының жоғары қаупіне ие. Маска режимі бұзылған жағдайда бұл адамға айыппұл салынуы мүмкін.

«Қазір көп адамдар маскаларды өзі тігіп киюде. Мұндай маскалар қорғаныста қаншалықты тиімді?

– Медициналық маскалармен қатар матадан тігілген беттұмшаларды да тағуға болады. Тек уақытылы ауыстырып, жуып, үтіктеу керек. Үйде жасалған маскалар өте тиімді.

Пайдаланылған маскаларды қайда тастау керек? Қандай ережелер бар?

– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 5 шілдедегі №ҚРДСМ-78/2020 бұйрығымен жеке қорғану құралдарын пайдалану және кәдеге жарату бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар бекітілді («өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына 10-қосымша). Қолданылған медициналық маскалар (түшкіру және жөтелу кезінде қолданылатын майлықтарды қоса) бөлек пакетке салынып, оны тығыз және герметикалық түрде жауып, содан кейін ғана қоқысқа тастау керек.

Сауалдарды саралаған
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.