Мемлекеттік тілді насихаттау – баршаның міндеті

Ұлт болған жерде тіл болады. Біздің еліміздің негізгі тілі – қазақ тілі және ол барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы. Елбасымыз «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, бастысы, негіздісі, маңыздысы бола береді. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі», – деп атап көрсеткен.

«Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту», – деп Б.Момышұлы айтып өткендей, тіл – халқымыздың рухани байлығы. Сонымен қатар, тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жастар болғандықтан, қазіргі міндетіміз – қазақ тілінің мәртебесін асыру, яғни, мемлекеттік тілімізді кеңірек насихаттау. Әсіресе, жастар арасында қазақ тілінің жағдайы ақсап тұр. Әлі күнге орыс тілінің ырқынан шыға алмай жүргендер көп. Кейбір жағдайларда орыс тілінде сауатты жазылған сөз қазақ тіліне мүлдем ұйқассыз аударылатыны аз кездеспейді. Ана тілі ананың ақ сүтімен бойға сіңген тіл екенін мойындаумен әр адамның өз халқын, өзінің атамекенін қалай сүйетіні өлшенеді. Тәуелсіздік алғаннан бері бізде тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен оған деген құрметті арттыру үшін мемлекеттік бағдарламалар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – деп Қадыр ағамыз айтқандай, басқа тілді үйренуге еш шек қойылмайды, бірақ, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге атсалысуымыз қажет. Біздің басқармада да қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде құрметтеу, мәртебесін көтеру жұмыстары жолға қойылған, қолданыс аясы кеңейтілген. Кіріс және шығыс құжаттарының мемлекеттік тілде рәсімделуіне көңіл көп бөлінеді. Қазіргі таңда «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі арқылы түсетін барлық қаржылық құжаттар мемлекеттік мекемелерден мемлекеттік тілде қабылданып, өңделіп отыр. Іс-қағаздардың барлығы дерлік мемлекеттік тілде рәсімделеді. Басқарманың мемлекеттік қызметшілерінің барлығы мемлекеттік тілді жеделдете оқыту бағдарламасының қажетті деңгейлерін меңгеру курстарынан дәріс алып, өз деңгейлерін дәләлдеген мамандар. Қарап отырсақ, қазақ тілінде оқытатын жүздеген мектептер ашылды. Жоғарғы оқу орындарында қазақ тіліндегі топтар ашылып, ана тілінде білім алушылар саны көбейіп, қазақ тілін оқыту сапасы жақсарып келе жатқаны байқалады. Бұл жұмыстар кең көлемде жүргізіле берсе, әрбір қазақстандықтың ұлтқа деген рухы жоғары болса, мемлекеттік тілге деген немқұрайлық жойылса қазақ тілінің мәртебесі де жоғарылар еді. Олай болса, мемлекеттік тілімізді насихаттау баршаның міндеті екені есте болса екен.

Сәтбаев қалалық
қазынашылық басқармасы.

Комментарии закрыты.