Ғажайып тұлға

Өткен дүйсенбіде Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай Сәтбаев қаласының орталықтандырылған кітапханасы онлайн іс-шаралар ұйымдастырды.

Ақын, ағартушы, қазақ әдебиетінің, тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор Абай Құнанбайұлының шығармашылығын оқырман қауымға паш етті.

«Абай деп соққан жүректер» атты онлайн челлендж ұйымдастырылды. Челленджді кітапхана қызметкерлерінен Сәтбаев қаласының құрметті азаматы, ақын Мұса Тілеуов ағамыз қабыл алып, кішкентай оқырмандарымызбен жалғасын тапты. Абайдың қара сөздері де тыс қалмады. Зейнеткер оқырманымыз Бейсенкүл Телғараева апамыз жиырма жетінші қара сөзін оқып берді. Кітапхана қызметкерлері арасынан Назира Қуанбекова отыз бірінші қара сөзіне сахналық қойылым қойды. Абай мұрасын дәріптеу атадан балаға мұра болып қалар аманат. Биылғы жылдан бастап «Абай күні» аталып өтетіні қуанышты жаңалық болып отыр. Сұлтанмахмұт Торайғыров «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» деп айтқандай, Абайды қанша оқысақ та көптік етпейді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар, ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай – әлемдік деңгейдегі ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға», – деген болатын. Шынында да, дана ақын шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алады. Өйткені, Абай туындыларының мазмұны жалпыадамзаттық құндылықтарға толы. Әлемдік мәдениетте Абайды қаншалықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс.

Ең алдымен Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен бағалайтынын ұмытпайық. Сондықтан, Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныстыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақтың қастерлі борышы деп білемін.

Парасат ҚАСЫМБЕКОВА,
кітапхана әдіскері.

Комментарии закрыты.