Орта азиядағы сəулетті қала

Астана – əлем бойынша ең жас астана, сонымен қатар, республиканың саяси-əкімшілік, іскер жəне мəдени орталығы болып табылады. Астанада барлық өкіметтік ұйымдар мен дипломатиялық елшіліктер, көптеген шет елдік мекемелер орналасқан.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысын барша халық қолдап, 1997 жылы Қазақстанның елордасы Астана қаласы деп танылды. Шапшаң құрылыстың жүргізілуі мен жалпы халықтық қолдау нəтижесінде 10 жылдың ішінде жазық далада қайталанбас келбетті, заманауи қаланың бой көтеруі таңғажайып жайт болды. Астана қаласының жылдам дамуының дəлелі – қала тұрғындарының саны 700 мыңға жетуі.

Астананың сапалы əрі аумақты дамуы, ең алдымен – қаланың сəулетті келбетімен тығыз байланысты. Қаланың бас жоспары Елбасы Н.Назарбаевтың жобасымен атақты жапон сəулетшісі Кише Курокаваның өнері арқылы қалаға евразиялық келбет келтіре отырып, іске асты. «Бейбітшілік пен келісім сарайының» жəне «Хан шатыры» ғимараттарының бірегей сəулеттік жобалары итальяндық Манфреди Николетти сынды өнерпаздың қиялынан туған.

Жыл сайын қалада түрлі халықаралық көрмелер мен музыкалық шаралар жəне көптеген фестивальдар ұйымдастырылады. Мəдени қала Астананың төрінде Ұлттық опера жəне балет театры, орыс драма театры, Қазақ музыка драма театры жəне көптеген мұражайлар қашан да келемдеушілерге есіктерін айқара ашады. Осының барлығы бұрынғы қала мен жаңа қала келбетін бір арнаға ұштастырады.

1998 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына «Бейбітшілік қаласы» жоғарғы атағы беріліп, медальмен марапатталды.1999 жылдың шілде айында қала Юнесконың «Əлемдік қала» жүлдесіне ие болды.

Астана өте серпінді дамуда. Астананың ойдағыдай дамып келе жатқанының белгілерін оның халқының жедел өсуінен байқауға болады. 1998 жылы Астана еркін экономикалық аймақтың WEPSA Халықаралық қауымдастығына кірді. Əлемнің 15 қаласы Қазақстан елордасының бауырлас қалалары болып табылады, олардың арасында Мəскеу, Берлин, Варшава, Минск, Киев, Анкара, Бангкок жəне басқалары бар.

XXI ғасырда сірə, қарқынды жылдамдықпен дамып көркейген қала жоқ шығар? Сол себептен Астананы «орталық Азия феномені» деп атаған бекер емес.

Интернет материалдары негізінде дайындаған Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

Комментарии закрыты.