Жетістік жолында

Спорт – тәннің саулығы. Атақты жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Дұрыс жолға қойылған дене шынықтыру ойындары оқу-білім алуға бөгет емес, қайта бойды сергітіп, ойыңа жәрдем ететін нәрсе» деген сөзін біздің бүгінгі кейіпкеріміз, жас та болса шәкірт тәрбиелеп жүрген бапкер Алмат Ниспеков те қостайды. Жас жаттықтырушы сергектік мәдениетті қалыптастыруда спорттың септігі зор дейді.

Қаламызда спорт саласын дамыту, шәкірт талабын шыңдау жолында еңбек етіп жүрген жас мамандар жетерлік. Солардың бірі – «Қазақстан» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бокс үйірмесінің бапкер-жаттықтырушысы Алмат Нақыпбекұлы.

Алмат Ниспеков 1993 жылы кеншілер қаласында дүниеге келген. Алғаш мектеп табалдырығын №19 мектепте аттап, кейін №3 орта мектепке ауысты. Бала күнінен бастап боксқа деген қызығушылығы арқасында жергілікті спорт мектебіндегі бокс үйірмесіне барады. Спортқа деген ынтасы қаламызға белгілі білікті бапкер, талай шәкіртті шыңдаған спорт ардагері Есіркеп Түсіповтың мектебіне алып келеді. 2004 жылдан бастап аталған спорт түрінде шыңдалып, мектеп жасынан түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарға қатысады. Біліктілігін арттыра келе Қарағанды құрамасында өнер көрсетіп, шаршы алаңда топ жарды. 2016 жылға дейін былғары қолғапты қолынан тастамай, жарыстарға үзбей қатысып жүрді. Мектепті бітірісімен Қарағанды қаласындағы көпсалалы техникалық колледжге «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алады. 2015 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетіне сырттай оқуға тапсырады. Жоғары білімі бар жас маман өзі өсіп шыңдалған өңірге қайта оралып, 2017-дан бастап «Қазақстан» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне бапкер-жаттықтырушы болып орналасады. Бүгінде 50-ге тарта жасөспірімді боксқа баулып, ел мерейін асырар чемпион дайындауға бар жігерін жұмсауда.

– Карантин жағдайында да шәкірттеріме түрлі жаттығуларды үйретіп келеміз. Қашықтан жұмыс істесек те, шәкірт талабын шыңдау – басты міндет болып қала береді. Солардың ішінен әлем чемпионын көру мен үшін де үлкен арман. Осы жетістікке жету жолында бар күш-жігерімді салуға тырысамын, – дейді бапкер.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.