Ұлт ұясындағы кездесу

Жаздың екінші айында кəсіби мерекемізді атап өтетін біздер – журналистер қауымы жылда төл мерекемізді асыға күтеміз. Биылғы мереке редакция ұжымы үшін өте мерейлі əрі қуанышты болды. Қазақстан журналистер одағының мүшесі, аймаққа танымал Мəди Əлжаппаровтың еңбегі облыс əкімінің «Алтын сұңқар» сыйақысына лайық деп танылды. Бір қуанышты бір қуаныш жалғап жатқан кезде ұлт ұясы – Ұлытаудан шақыру алдық. Аудан əкімі Əнуар Серікбайұлы Омаров Байланыс жəне бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында аймақ журналистерінің басын Көктөбеде қосты.

Біздерді қайыңы мен терегі қызықтырған Ұлытауға кіре бергендегі «Ұлт бірлігі мен тұтастығының» монмументінен əкімдіктің аппарат жетекшісі, ішкі саясат жəне ұйымдастыру бөлімінің жігіттері күтіп алды. Аспан астындағы мұражайдың тарихи жерлерін аралатты.

Ауданда Елбасы Жолдауының аясында атқарылып жатқан жұмыстардың жүзеге асырылуына да көңіл марқайды. Тарихи маңызы бар «Хан ордасы» кешені мен Асан қайғы бабамыздың ел тыныштығын тілеп, батасын беріп тұрған асқақ мүсініне соқтық.

Қаламгерлер құрметіне арналып Əнуар Серікбайұлының бастамасымен «Болат» сайында ақшаңқан киіз үй тігіліп, іші аста төк дəмге, сырты қазан-қазан етке толы екен. Мəдениет үйі қызметкерлерінің күшімен қойылған концерттік бағдарлама ашық аспан астындағы мерекенің көркін қыздырды. Жас əншілер Мəдина Жұмабаева мен Мерей Қайырбектің əуелете салған əні, жас күйші Нұржан Сүйінбайдың шерткен күйі, гитарада сызылта əн салған Сəкен Тəшеновтың əндері шашу болып шашылды.

Үзеңгі қағысып бір кездері бірге газеттің ыстығы мен суығына қатар тоңып, күйген Əнуар Серкібайұлы əріптестерін құттықтап, қонақтарға амандық, қаламдарының мұқалмауын, жастарға ізденіс пен шығармашылық өрлеу тіледі. Тігілген киіз үйдің ішінде жайылған дастарханда бас қосқан журналистер бір-біріне ізгі тілектерін арнап жатты. Ардагер журналист Мағзұмбек Машайықов ұлы мекенге ат басын тіреген əріптестерін құттықтап, өрлеу мен өркендеу тіледі. Бойына ақындық қасиет дарығын Əнуар Серікбайұлы айтыс аламанында суырып салып айтқан шумақтарын домбыраға салып айтқанда ерекше бір күйге бөлендік. Оның əзіл-қалжыңының қоржыны да томпақ екен. Маңайын қыран-топан күлкіге қарық қылып отырды. Тіс қаққан ағаларымыз да əзілден, өнерден құр алақан еместіктерін көрсетіп, жастарға өнеге боларлықтай орамды ойлар мен əсерлі сөздер айтты. Ақ тілектер ақшаңқан киіз үйдің шаңырағын кереді.

Журналистердің спорттағы бабын байқау үшін Жезқазған қаласы спорт бөлімінің нұсқаушысы Нəриман Сүлейменов əр түрлі эстафеталық жарыстар мен футбол ойынын ұйымдастырды. Таза ауада орындалған əсем əндердің ырғағына би билеп бір марқайдық.

Жергілікті аспазшының ұра қазып, қып-қызыл шоққа қақтап пісірген еті тіл үйірді.

Қаламсыз бір күндік сауық-сайран мен кең далада көсіле жүріп, əбсəтте кештің де қалай қылаң беріп қалғанын байқамай қалыппыз. Жайылған дастарханға бата беріліп, ризашылығымызды білдірдік. Алайда, қимастық сезім қалды.

Жылына бір келетін кəсіби мерекемізде жер-жерде қошемет, құрметке бөленіп жүрміз. Ал, еңбегімізді бағалап, қасиетті қарт Ұлытауға шақырып, бұрынғы əріптестіктің қыларқанын үзбеген аудан əкімі Əнуар Омаров пен əкімдік қызметкерлеріне кеңпейілділік пен сыйластықтары үшін шарайналықтардың да ризашылығы шексіз.

Б. АЙТӨРЕҰЛЫ.

Комментарии закрыты.