Бала қауіпсіздігі басты назарда

Жол жүру қауіпсіздігінің ережелерін сақтау жаяу жүргіншілерге тікелей қатысты. Сондықтан, мектеп жасындағы оқушылар мен жасөпірімдердің велосипед, скутерлермен жүрудегі көше тәртібі назарға алынуда.

Осы орайда қаламызда 5 және 7 тамыз аралығында «Қауіпсіз жол» жедел алдын-алу іс-шарасы өткізілді. Республикалық акцияға Сәтбаев қаласы полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының инспекторлары белсене қатысып, балаларға жолда жүру тәртібін түсіндірді.

– Акцияны өткізудегі басты мақсат – қауіптің, жол апатының алдын алу. Мәселен, велосипедпен жолдың кез келген жерінен кесіп өтуге тыйым салынады. Бұдан бөлек скутер мен мотоциклмен жүрудің де өзіндік ережесі бар. Скутер тебушілерге арнайы каскасыз жүруге рұқсат жоқ. Жол патрульдік полициясымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Осындай олқылықтар анықталса бірден баланың ата-анасын полиция бөліміне шақыртып, әкімшілік хаттама толтырамыз, – дейді Сәтбаев қаласының полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Нұрбек ҚАЛИЕВ.

Айта кетейік, өткен үш күннің ішінде жол ережесін өрескел бұзғандар тіркелген жоқ.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.