Бүгінгі күнге 5 сынып

Елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 2020-2021 оқу жылының білім беру процесі бірнеше бағыттар бойынша ұйымдастырылатын болады. Бұған қаламыздағы №16 мектеп те сақадай сай әзірлік жасауда. Биыл мектепте 1104 бала білім алады десек, оның бірінші сыныптары дәстүрлі түрде оқытылатын болады. Бүгінгі күні мектепте 5 бірінші сынып жасақталып отыр. Ол 124 баланы қамтыды. 1-сыныпқа қабылдау 20 тамызға дейін жалғасатын болады.

Өткен оқу жылында мектептің 1042 оқушысы төртінші тоқсанды қашықтан оқып тамамдаған еді. Білім деңгейі де жаман болған жоқ. Мектепті бітірген 24 түлектің 22-сі ҰБТ тапсырып, жақсы нәтиже көрсетті. Оқушылар мектептен тыс түрлі шараларға да онлайн түрде белсене қатысып, мектеп абыройын көтерді.

Қашықтан оқытуда қиындық тудырған бірден бір жағдай компьютерлердің жеткіліксіздігі еді. Аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасылардың балаларына бұл үлкен қолбайлау болған-ды. Алайда, мектептегі компьютерлер арқылы ол мәселе оң шешімін тапты. 22 оқушыға мектеп компьютерлері таратылып беріліп, оқу жылы аяқталған соң кері қайтарылып алынды.

Енді, міне, биылғы оқу жылының алғашқы тоқсаны да өзіндік ерекшеліктерімен басталғалы тұр. Аталмыш мектеп бұған да жан-жақты әзірліктер жасауда.

«Ерекше» деп екшеп айтып отырғанымыз, биылғы оқу жылында мектептерде жоғары сынып оқушылары қашықтан оқитын болса, мектеп табалдырығын аттағалы тұрған 1-сыныптар санитарлық-
эпидемиологиялық қауіпсіздік шараларын күшейте отырып, штаттық режимде оқитын болады. Мұның сыртында бастауыш сыныптар үшін кезекші сынып ашу да күн тәртібінде тұр. Бұл ретте, бастауыш сыныптарда ата-аналардың өтініштері бойынша қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, толымдығы 15 адамға дейін топтарға бөле отырып, кезекші сыныптар жұмыс істейді. Үзіліс кезінде сыныптарды желдету, дезинфекциялау, маскалық режим енгізіліп, медициналық бақылау күшейтіледі.

Алдағы 2020-2021 оқу жылына дайындық жөнінде баяндаған №16 орта мектептің директоры Қайрат Смайлов осылай деді. Оның айтуынша, оқушыларды қашықтан оқытуға барлық жағдай жасалған.

– Ең бастысы, оқушыларды компьютермен қамтамасыз ету ғой. Сол үшін мектеп 68 оқушыға мектептің компьютерлерін бөліп отыр. Қазір біз жобамен 1014 бала оқиды деп отырмыз. Оқу жылы басталғанда бұл сан өзгеруі де мүмкін. Мүмкін бала саны артар. Қалай болғанда да біз жаңа оқу жылына толық әзірміз деп айта аламын. Мектепте 75 мұғалім сабақ береді. Олардың бәрі жаңартылған оқу процесіне сақадай сай. Тіпті қашықтан оқытудың қыр-сырын үйрететін курсқа да бәрі біркісідей жазылып, дәріс алуда.

Сондай-ақ, мектеп бітіретін 41 оқушымызға терең білім беру мен олардың қабілеттерін көтеруде де нақты жұмыстар жүргізілетін болады, – дейді Қайрат Құлыбекұлы.

Топтаманы әзірлеген Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.