Колледждер де қашықтан оқиды

Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында қашықтан білім беру әдісі колледждерде де өткізілгені белгілі. Жаңа форматтағы жүйе мұндағы педагогтар мен оқушыларды да жаңа технологияларды меңгертуге ықпал еткен. Осы үрдіс жаңа оқу жылында да қайталанатын болды.

Жаңа технология бойынша білім беру тәсілін Сәтбаев индустриалдық колледжінің ұжымы да тез арада меңгеріп алды. Соның нәтижесінде өткен оқу жылында кәсіби мамандықтарын алып шыққан 69 түлек ІТ біліктіліктерін едәуір көтеріп алды.

– Жаңа форматқа көшуде алдымен білім алушылардың интернет желісімен қаншалықты қамтылғаны анықталып, дер кезінде оқу процесін ұйымдастыру, кері байланыс орнату, контент әзірлеу, оқытушылардың кәсіби біліктіліктерін жетілдіру, тағы басқа да бағыттарда жұмыстар ұйымдастырылды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін педагогтар аталған мәселені шешуде өз шеберліктерін көрсете білді. Соның арқасында колледж қашықтан оқыту үрдісінде көштен қалмай, керісінше тамаша нәтижелер көрсетті. Биыл да сол деңгейден түспеуге жұмыс жасап жатырмыз. Біздің оқушылардың дені көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан келгендіктен, олардың компьютермен қамтамасыз етілуін қадағалып отырмыз, – дейді колледж директоры Жұлдыз Шырдаева.

Бүгінде аталған оқу орны болашақ мамандарды 5 мамандық бойынша даярлайды. Жалпы 22 педагог 276 оқушыға қашықтан білім беруге әзір. Педагогтар жаңа технология бойынша оқыту тәсілдерін үйрену үшін арнайы курсқа жазылып, дәріс алуда. Онда жүйеде контент дайындау, оны тағайындау, білім алушымен кері байланыс жасау, орындалған тапсырманы тексеру, бағалау жолдары туралы нақты түсінік берілуде. Өткен оқу жылында колледж оқытушыларының бірнеше онлайн және бейнесабақтары, білім алушылардың бірнеше челлендж, акция, кері байланыстары жасақталған. Қашықтан оқыту барысында білім берумен қатар тәрбие жұмысы да жүргізіліпті. Оқу топтарында тәрбие сағаты, топ жиналысы, қашықтан оқыту кезеңінде оқушылардың құқықбұзушылықты болдырмау және қауіпсіздік шараларын түсіндіру мақсатында бірнеше рет ата-аналар жиналысы онлайн өткізіліп, акция мен эстафеталар ұйымдастырылыпты. Биыл соны дамытып, жаңаларын ашуға жұмыстар жасалмақ.

– Бұған дейін 4 мамандық бойынша оқытқан колледж жаңа оқу жылында бесінші мамандық беру тобын ашып отыр. Ол – автодело деп аталады. Қаламыздағы нарықтық сұранысқа сай ашылған мамандық бұл. Енді біз дәнекерлеуші, токарь, аспаз, құрылысшы мамандарымен қатар автокөлік жүргізушілер мен жөндеушілерді де дайындап шығарамыз. Ол үшін арнайы сынып жабдықталды. Оқушыларымыздың бәрі қашықтан оқытылатын болады. Тек тәжірибелік жұмыстар ғана санитарлық талаптарға сәйкес шеберханаларда өткізіледі.

Мұның сыртында шәкірттеріміз дәнекерлеуші, құрылысшы, аспаз мамандықтары бойынша Қарағанды қаласында өтетін аймақтық шеберлік байқауларына қатысып жүр. Жетістіктеріміз де жоқ емес, әркез екінші, үшінші жүлделі орындарды алып жүрміз.
Колледж жаңа оқу жылына ойдағыдай әзірленуде. Акт залы, спорт зал жаңғыртылды. Ауладағы спорт алаңына да жөндеу жүргізу үшін қомақты қаржы қаралып отыр. Мұның бәрі колледж оқушыларының сапалы білім алып, білікті маман болып шығуына орай жасалып жатқан оң шаралар, – дейді Жұлдыз Әбдіуалиқызы.

Колледж директорының айтуынша, мұндағы оқушыларға шәкіртақы төлеу де оң жолға қойылған. Алғашқы 4 айда барлық оқушылар 21824 теңгеден шәкіртақы алып тұрады екен. Төрт айдан кейін төрттіктен төмен баға алған оқушылар бұл қаржыдан қағылмақ. Бұл оқушының білімге деген ынтасын көтерері сөзсіз.

Қысқасы, барлық мүмкіндіктер қарастырылған колледжде де бірінші тоқсан қашықтан оқытылатын болады. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі брифингте мәлім еткен еді. Ол өз сөзінде ІТ, гуманитарлық, әлеуметтік бағыт бойынша дәріс және семинар сабақтары қашықтан өткізіледі. Техникалық, аграрлық, табиғи бағыттар, медицина және өнер мамандықтары бойынша дәрістер 70% қашықтан, ал тәжірибелік сабақтар санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәрісханаларда өтеді, деген еді. Сәтбаев индустриалық колледжі де осы үрдісте дәріс беретін болады. Колледж басшысының мәлімдеуінше, кәсіби білім ошағы бұған әзір.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.