Қаламыздың көркеюіне үлес қосуда

«Жұмыспен қамтудың Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы кеншілер шаһарында қарқынды жүзеге асырылып қана қоймай, жұмыссыз азаматтардың жұмыспен қамтылуына оң әсерін тигізуде.
Қаламыздың көркеюіне өзіндік үлесін қосып жүрген, нәтижелі жұмыспен қамтылғандардың қатарында Ерболат Табысов та бар.

– Екі айдан бері перзентхананың күрделі жөндеу жұмысына біркісідей атсалысып жүрген жандардың бірімін. Ағаш ұстасы болып қызмет етемін. Айлығымыз жақсы, уақытылы беріледі. Тек 85 000 теңге алып қоймаймыз, еткен еңбегімізге орай компания тарапынан үстемеақы да беріліп тұрады. Жұмысыма көңілім толады. Уақытымен келеміз, уақытымен аяқтаймыз. Бұл жерде менен басқа бірнеше адам қызмет атқарады. Қаламыздың өркендеуі жолында еңбек етіп жатқаныма қуанамын. Бұл бағытта жастарға да айтар ұсынысым бар. Оларды осындай түрлі бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстарына еңбек етуге шақырамын. Адал жолмен нан тапқысы келген азамат кәсіп талғамауы тиіс, – деп, кейіпкеріміз бос жүрген азаматтардың ынтасы болса жұмыссыз қалмайтындығын жеткізді.

Қаламызда жұмыссыздық мәселесі мемлекеттік бағдарламалар арқылы өз шешімін табуда. Егер де аталған бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқыңыз келсе «Жұмыспен қамтудың Жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кеңес алу үшін Наурыз көшесі 148 үйде орналасқан жұмыспен қамту орталығына жүгінсеңіз немесе 7-01-71, 7-15-35, 8 (708) 420-11-26 нөміріне хабарлассаңыз болады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда аталмыш бағдарлама аясында перзентхананың жөндеу жұмысына отыздан астам адам жұмылдырылды. Олардың 17-сі жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке тартылды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.