Халықтың алғысы шексіз

Мына алмағайып заманда халықтың имандылығы өсті ме деген сұрақ туады. Адамзаттың бір-біріне бауырмалдығы, жанашырлығы арта түскендей. Алладан кейінгі сыйынатынымыз ақ халатты абзал жандар – дәрігерлер екенін уақыт көрсетті. Дәрігерлерге бұрынғы өкпе-назымыз ұмыт қалды. Таңның атысы, күннің батысы үстінде скафандр, аяқта кеншілер киетін резеңке етік, маскамен жүріп аса қауіпті індетке шалдыққан науқастарды емдеу, оларға жағдай жасау оңай шаруа емес. Провизорлық орталықтарда 14 күн отбасын, бала-шағасын көрмей аянбай тер төгіп жүрген денсаулық сақтау қызметкерлеріне халықтың алғысы шексіз. Халық денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін табандылықпен күресіп, жолдан таймай, жан пидалықпен дүниеден өткен дәрігерлердің иманы саламат болсын, Алла-тағала оларға жұмақтан орын берсін!

Осы шақта Айткүл Сәкенқызы Ахметова басшылық ететін №5 отбасылық дәрігерлік орталық дәрігерлері уақытпен санаспай, өз денсаулығын, отбасын ойлауға мұршасы болмай жұмыс істеді. Ел аузында «қазақ ауылы» деген атпен белгілі Сәтбаев қаласының шығыс жақ бөлігінің халқы осы орталыққа тіркелген. Егде тартқан қариялардың көбі осы ауданда тұратыны мәлім. Сол кісілерге ерекше көңіл бөліп, ақыл-кеңес беру өз алдына, сол шаралардың орындалуын қадағалау мекеме басшысының жауапты қызметі. Бір көргенде қатал, ер мінезді болғанымен, сөйлесе келе іші-бауырыңа кіріп, бар ықыласымен, жән-тәнімен емдегені міндетін жоғары деңгейде атқарғанның белгісі болар. Демалыс күндері де дәрігер, медбикелер ықыласпен қызмет етеді. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дегендей, Айткүл Сәкенқызы, Раушан Барекенова, Айгүл Елкеева, Құралай Қыздарова сынды ақ халаттылар өз ісінің білгіріне айналған. Бір сүйсінерлігі, бұл орталықта үлкенді сыйлау секілді қағидалар қалыптасқан. Бір-біріне дауыс көтеру, ренжіту деген жат қылық. Тәжірибелі жетекшілердің ізбасар дайындап кететіндігі көңілге қуаныш сыйлайды. Аға медбике Роза Жақанова соңынан ерген Гүлзада Умарова, Гүлжан Рахишова, Жанна Сұлтанбаева, Сәбира Садырбекова сынды жастардың кәсіби маман болуына ықпал етуде. Халыққа бұл орталықтың жақсылығы ұшан-теңіз. Отағасы Асқарбек екеуі орталықты бірге құрып, көптің алғысына бөленді. Өкінішке орай жолдасы Асқарбек дүниеден озды. Бірақ, қайғыға бой беріп, бастаған ісін әлсіреткен жоқ. Керісінше қайсарлық танытып, қазақтың батыр қыздарына тән мінезбен орталық ғимаратын кеңейтіп, қызмет саласына көп көңіл бөлуде. Ұлы Ардақ әке ізін жалғастырып, анасына көмекші болып жүрген жоғары білімді маман. Бұл орталықта 8134 адам тіркелген, 46 маман қызмет етеді. Бір қуантарлығы, тыным таппай атқарған еңбегінің жемісін халық көріп отыр. Сынамалар, лабораториялық зерттеулер тегін. Әрі уақыт оздырмай тез арада диагностика жасалады. Осындай орны бөлек орталықтағы ақ халатты абзал жандарға Алла зор денсаулық беріп, ғұмырлы қылсын деп тілейміз.

Абулаис МУЛАКОВ,
Сатбаев қаласының Қоғамдық кеңес мүшесі.

Комментарии закрыты.