Сенатордың сапары

Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат СҮЛЕЙМЕН Сәтбаев қаласына да атбасын бұрды. Халық қалаулысы кенді шаһарда орталық аурухананың жай-күйімен танысып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Депутат алдымен қалалық орталық ауруханаға келді. Бүгінде аталмыш медициналық мекеменің перзентхана бөлімі мемлекеттік бағдарлама аясында күрделі жөндеуден өтуде. 223 миллион теңге қарастырылған нысанның құрылысымен танысқан Ләззат Жаңылысқызына Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов шаһардағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалысы, медицина саласын жақсарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Бұдан бөлек аурухана аумағын абаттандыруға 79 миллион теңге бөлінген.

Орталық аурухана 140-тан астам төсек-орынға есептелген. Оның 120-ға жуығы тәулік бойы, 25-і күндізгі стационар үшін. Коронавирус пандемиясы басталғалы бері мекеменің жұқпалы аурулар бөлімінде 160 науқас емделіп шықты. Ләззат Сүлеймен қала басшысына ауруханалардың медициналық аппараттармен қамтылуын, дәріханалардағы дәрі-дәрмекпен қамту жағдайына байланысты сұрақтар қойды. Сенаторға бұл мәселелердің барлығы шешімін тауып жатқаны жеткізіліп, жастарды жұмыспен қамту, қолжетімді баспана салу мәселелері бойынша 30-ға жуық әлеуметтік жоба іске асырылып жатқандығы жөнінде айтылды.

Бұдан басқа, сенатормен кездескен аймақ тұрғындары педофилдерге және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушыларға қатысты заңнаманы күшейту туралы мәселені қарауды сұрады.

Ләззат Сүлеймен жергілікті билік өкілдеріне баспанамен қамту, жұмыссыздықты жою секілді мәселелерді тезірек шешу үшін белсенді түрде жұмыс істеу керектігін айтты.

«Пандемия өршіп тұрған кезде Сенаттың депутаттары қол қусырып отырмады. Біз де ел азаматтарымен бірге қайғырып, қабырғамыз қайысты. Науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстарына қатыстық, мұқтаж азаматтарға түрлі көмек көрсетіп келеміз. Алдағы уақытта көтерілген мәселелер депутаттардың назарынан тыс қалмайды», – деді Ләззат Сүлеймен.

Бұдан кейін сенатор қаламыздағы Достық үйінде болып, мұндағы жұмыстармен танысты.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.