Кез-келген жағдайға әзір

«Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады», дейді дана қазақ. Мына эпидемия да сондай. Күллі әлемді бір тарының қауызына сыйдырған «тәж тажал» сәл бәсеңдегенімен оның алда тағы бір толқыны тұрғанын айтып жатыр мамандар. Ендеше босаңсуға, салғырттық танытуға болмайды.

Пандемия кезінде елдің қорғаны болған қаламыздағы емдеу мекемелері қазір кез-келген уақытқа сақадай сай тұр. Алғашқы кездегідей емес, қазір оларда құрал-жабдық та, дәрі дәрмек те жеткілікті. Ең бастысы емдеу тәжірибесін біраз үйреніп қалды.

– Карантиндік шаралардың кезең-кезеңімен босаңсуына және індеттің бәсеңсуіне байланысты қаладағы емдеу мекемелері қалыпты жағдайда жұмысқа кірісті. Бірақ, кез-келген уақытта болатын шұғыл жағдайға олар әзір. Яғни, эпидемия қайтадан өршіген кезде бұл мекемелер сырқаттарды қабылдап, ем-домдарына кірісе алады. Оған мүмкіндік те жасалған. Қазір бізде бәрі бар. Өкпеге жасанды жел беру аппараты, оттегі концентраты, басқа да құрал жабдықтар жеткілікті. Мамандар да тәжірибе жинақтап алды, – дейді Гаухар Шәріпқызы.

Қаланың бас санитар дәрігерінің айтуынша бұл шараларға кәсіпкерлер мен «Қазақмыс» корпорациясы үлкен қолдау көрсеткен. Бір «Қазақмыстың» өзі орталық аурухана мен тубдиспансерге 15-тен оттегі концентратын әперсе, «медсанчасқа» мұндай құралдың жиырмасын әперіпті.

Мұның сыртында облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жасанды жел беру аппараттары, дәрі дәрмектер жеткілікті мөлшерде бөлінген. Тіпті төсек орын мен санитарлық сақтандыру заттары да жасақталыпты.

– Жасыратыны жоқ, эпидемия басталған кезде көп қиналдық. Маман тапшы, құрал-жабдықтар жеткіліксіз болды. Қолда барды пайдаланып бақтық. Дәрігерлер күні-түні жұмыс істеп, сырқаттарды емдеуге бар тәжірибесін, уақытын жұмсады. Қолдарынан келгенше күресті. Жеңді. Енді сол маңдай термен келген жеңісті қолдан шығарып алмау әр адамның өзіне байланысты. Сырқаттың таралуына жол бермеу үшін сақтық шаралары мен шектеулерге түсіністікпен қарап, оны толық орындап отыруымыз керек. Елімізде шектеу шараларын күшейту мен оның уақытын созудың арқасында эпидемияны біршама тізгіндедік. Енді оны қайтадан өршітіп алмайық, – дейді Гаухар Жалмурзина.

Комментарии закрыты.