Қалыпты жұмысқа кірісті

Тәубә дейік, елді тығырыққа тіреген «тәж тажалдың» беті біртіндеп қайта бастаған сыңайлы. Пневмония деген пәле де тиылды. Қазір қалада жедел жәрдем дабылының ащы дауысы естіле қоймайды. Бұл ауруханалардың да қалыпты жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр. Тамыздың басынан бастап Қазақстанда жоспарлы медициналық көмек көрсету қайта жанданды.

– Коронавирусқа қарсы іс-шаралар басталған кезде Сәтбаев қаласындағы орталық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімі мен аймақтық туберкулезге қарсы диспансер провизорлық орталық болып жабдықталып, коронавирус сырқатына шалдыққандар жатқызылып еді. Ал, пневмония ауруы белең алып, аумақта күрделі жағдай орын алған кезде «Жезқазған Медициналық орталығы» мекемесінің қаламыздағы медициналық клиникасы да инфекциялық орталық болып жабдықталып, сырқаттарды қабылдады. Сол бір ауыр күндері алғашқы екі емдеу мекемесінде 80 адамнан 160 адам жатса, соңғысы 30 адамды емдеуге алды. Бұл емдеу орындарына Қарағанды, Жезқазған қалаларынан инфекционист мамандар көмекке келді.
Шүкір, қазір эпидемияның беті бәсеңдеп тұр. Соған орай емдеу мекемелері залалсыздандырылып, қалыпты жұмыс істеуге көше бастады. Яғни олар жоспарлы ем жасауға кіріспек. Бүгінгі күні медклиникада 5 адам жатыр. Олар да сырқаттарынан толық айығып, үйлеріне бүгін-ертең жіберілмек, – дейді Сәтбаев қалалық тауарлар мен көрсетілер қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гаухар Жалмурзина.

Орайы келгенде айта кетейік, карантиндік шектеулерге байланысты көптеген медициналық қызметтер жоспарлы түрде тоқтатылғаны белгілі. Енді олардың қайта жандануымен жоспарлы медициналық көмекті тұтынудың айтарлықтай өсуі күтілуде. Мысалы, туберкулезге қарсы диспансер қазір осы сырқаттың қатты және ашық түріне шалдыққан жандарды емдеуге алғалы отыр. Бұған дейін ондай сырқаттар Қарағанды қаласына жіберілген еді. Өзге де емдеу орындары енді кезекте тұрған сырқаттарды қабылдап, ем-домды жоспарлы түрде жасайтын болады.

Комментарии закрыты.