Шектеулер жеңілдеді, алайда…

17 тамыздан бастап Қарағанды облысында карантин талаптары кезең-кезеңімен жеңілдей бастады. Осы орайда Сәтбаев қалалық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Гаухар Жалмурзина брифинг өткізді.

Гаухар Шәріпқызы өңірдегі карантин шаралары туралы қаулыға облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қол қойғандығын және құжатқа сәйкес төмендегі нысандарға рұқсат берілгендігін атап өтті.

– Ойын-сауық орталықтары, сауда желілері, жабық базарлар, сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтар, косметологиялық қызмет көрсететін кәсіпкерлік субьектілер қызметі, кафе және басқа да қоғамдық тамақтану орындары сияқты нысандарға жұмыс істеуге рұқсат. Сонымен қатар, отыз орыннан аспайтын жазғы алаңдар және залдарға өз қызметін бастауға рұқсат бар. Алайда, әзірге ұжымдық іс-шараларды өткізуге жол берілмейді. Біреудің туған-туысы қайтыс болған жағдайдың өзінде 10 адамнан артық жиналуға рұқсат жоқ. Карантиндік шара жеңілдетілгенімен, эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында сенбі, жексенбі күндері шектеу шаралары сақталады, – деді.

Мониторингтік топтар өз кезегінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қатаң бақылауды жалғастыратын болады. Ол үшін арнайы полиция қызметкерлері, санитарлық эпидемилогиялық станция қызметкерлерімен бірлескен 4 арнайы топ құрылған. Олар адамдар көп шоғырланатын орындарды бақылап, санитарлық талаптардың орындалысын тексереді. Полиция бөлімі бастығының орынбасары Марғұлан Әубәкіровтың айтуынша, соңғы бір айдың көлемінде талапқа бағынбаған 30-ға жуық тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылған. Талапты орындамағандар ҚР ӘҚК 425 бабына сәйкес (заңды тұлғалар) 230 АЕК, (жеке тұлғалар) 30 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайтын болады.

Брифинг барысында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Сәтбаев қалалық филиалының басшысы Ғалымжан Сүтбаев кәсіпкерлерге рұқсат алудың электронды қызметіне тоқталып өтті. Кәсіпкерлер үшін бұл жүйе өте қолайлы. Палата бастамасымен InfoKazakhstan платформасы құрылған болатын. Бұл кабинеттерді аралап, құжат жинаудан босатады. InfoKazakhstan платформасына кірген бойда деректеріңіздің бір бөлігі (кәсіпорын атауы, БСН) автоматты түрде жүктеледі.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.