Өз ісінің үздігі атанды

Еңбек қауіпсіздігі, жұмысшылардың саулығы секілді мәселелер әлі толық шешімін таба алмаған проблеманың бірі. Осы орайда еңбек жағдайын, жұмыс орнын жақсартуға бағытталған шаралар кәсіподақ тарапынан да жүзеге асырылуда. «Жомарт» кенішінде өткен салтанатты шарада еңбекті қорғау және қауіпсіздік мәдениетін арттырған үздіктердің есімі аталынып, алғыс айтылды.

– Біз қауіпсіздікті арттыру, апатты жағдайлардың алдын алуға барынша мән берудеміз. Жұмысшылардың денсаулығын жақсартуға ден қойылуда. Оқыс оқиғалардың орын алуында жауапсыздық, сауатсыздық себептері жатқандығына көзіміз жетіп отыр. Бұл ең бірінші учаске бастықтары, ауысым шеберлері деңгейінің төмендігі, жұмысшымен арадағы байланыстың жоқтығы. Қазіргі кезде олардың қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау ережелерін ұстануына, өз міндетін орындау уақыты мен сапасына, теориялық дайындық деңгейіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы ретте өндіріс қауіпсіздігі, еңбек қорғау бойынша түрлі байқаулар өткізудеміз. Тапсырылған міндеттерді абыроймен атқарып жүрген озаттарды өзгелерге үлгі етудеміз. Алдағы уақытта еңбек қауіпсіздігін күшейтіп, жұмысшылардың денсаулығын сақтай отырып, өнімді еңбек етуге тырысуымыз керек, – деген шеберлік байқауының басты ұйымдастырушысы «КәсіпҚорған» кәсіподағының кеніштегі төрағасы Манас Қоштаев «Жастар – Болашақ» қоғамдық бірлестігінің кәсіпорындағы төрайымы Анна Гудковамен бірлесіп «Өзі ісінің үздігі-2020» номинациясының иегерлерін марапаттады.

Олардың қатарында Ақжол Уандықов «Үздік учаске бастығы», Абай Кеңесов «Үздік учаске шебері», Елдос Құрманғалиев «Үздік учаске механигі», Алмас Жұмашев «Үздік бұрғылаушы», Құрал Дүкенбаев «Үздік бекітуші», Бекжан Далханов пен Максим Халилов «Үздік жүргізуші» атанды.

Мейрамгүл САЯЖАН.

Комментарии закрыты.