Пробация қызметі жүзеге асырылады

Ағымдағы жылдың он бесінші ақпанында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістердің негізінде Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару Кодексіне пробация қызметін жүзеге асыру міндеті жүктеліп отыр. Шартты мерзімде сотталған азаматтардың сынақ мерзімінде тәртібін түзету, жаңа қылмыс жасамауын ескерте отырып, алдағы уақытта әлеуметтік-құқықтық көмек беруді көздейтін жаңа жобаны нәтижелі жүзеге асыру міндеті тұр. Құқықтық салаға бір шама өзгеріс әкелген бұл қызмет түрін жергілікті атқарушы органдар қалай жүзеге асыратынын, оның тиімділігі қандай болатынын түсіндірі мақсатында қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиеваның төрағалығымен, қалалық ішкі істер бөлімінің қылмыстық-атқару инспекциясы бөлімшесінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. – Қылмыстық-атқару инспекциясының міндетіне кіретін пробациялық бақылаудың мақсаты – сотпен немесе заңмен тағайындалған міндеттерді орындай отырып, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, қайта қылмыстық іс-әрекетті жасауды жою, шартты мерзімде сотталғандардың жалпы әлеуметтік, моральдық және құқықтық норамаларды сақтау болып табылады. Пробация қызметінде сотталғандарды әлеуметтік жолмен түзету басты назарға алынады. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру бойынша наурыз айында Үкіметтің №542 қаулысымен «Шартты мерзімге сотталғандарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету» ережесі бекітілді. Осы ереженің 18 тармақшасына сәйкес жазатайым жаза басқандарды жұмысқа орналастыру мен медициналық қызмет көрсету мәселелерін жергілікті атқару органдарымен біріге жүзеге асыру қарастырылған. Бұл қызмет түріне қазіргі күні қалада үш адам ұсынылып отырса, біреуі бас тартып отыр, – деп баяндады қалалық қылмыстық-атқару инспекция бөлімшесінің бастығы Жанғазы Жанділдин. – Ұсынылып отырған қызмет түрін нәтижелі жүзеге асыру үшін барлық құрылымдар жұмыла іске кірісу керек. Жазатайым жаза басқандарды бірден кінәлап, қаралаудың орнына түзелуге мүмкіндік берген жөн. Осы мақсатта пробация қызметінің берері мол болады деп сенеміз. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен біріге отырып, жұмысқа орналастыру жайын қарастырсақ, кепілдендірілген медициналық көмек беруге де баса назар аударылмақ. Шартты мерзімде сотталған азаматтарға жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлім берген жұмыстан бас тартпай, адал жолмен нан табуға, отбасын асырауға ақыл-кеңес беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу инспекция бөлімше мамандарының басты міндеті. Осы жұмыстардың барлығын біріге жүзеге асырсақ, нәтижеге жетеріміз анық, – деп қорытындылады жиынды Марал Сағынайқызы. Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.