Көгалдандыру – көпке абырой

Қала келбетін ажарландыра түсетін көгалдандыру мәселесі жылда жұртшылық талқысына түсетін даулы тақырыпқа айналды. Мәселе, сол көк өскіннің көктей өспеуінде болып тұр. Жылдағы ажары көмескілене бастаған шаһарды көріктендіру ісі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыға салынды.

Кеңестің кезекті отырысында екі мәселе қаралды. Алдымен «Қаланы абаттандыру және көгалдандыру» бюджеттік бағдарламасының орындалысы туралы қалалық ТҮКШ, АЖ, ӨК және тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұржан Кенжеғұлов баяндама жасады. Мәлім етілгендей бөліммен қаланы абаттандыру бойынша қалалық сумен, жылумен жабдықтау кәсіпорнымен меморандумға қол қойылған. Яғни, жасыл желекті күтіп-баптау мен суаруды кәсіпорын кестеге сай іске асыруда. Орталықтандырылған суару жүйесіне кірмеген аумақтар да, оның ішінде Ерден, Гурьба, Қалмағанбетов көшелері мен №6 шағынауданда суару жұмыстары жүргізілуде. Нұржан Ахмедияұлы бұл орайда орын алып жатқан мәселелер барын айтып, оларды жоюға қатысты айтылған ұсыныстарды қабылдайтынын жеткізді.

Бүгінде көгалдандыру бойынша мердігер мекемелер таңдап алынған. Олардың жұмысына қатысты сын айтқан кеңес мүшелері гүлзарларды отырғызу және күтіп-баптауды сапалы атқармағандығын алға тартты. Қала бюджетінің «қалтасын» қағатын жауапсыз мердігерлерге қатысты талапты күшейтуді ұсынды.
Кеңес мүшелері бөлім басшысына абаттандыру картасын бірлесіп дайындауды, абаттандыру мен көгалдандыруға қатысты мердігерлердің жұмыс сипаттамасын мемлекеттік сатып алу бойынша тендер өткізілмей тұрып бекітуді, жасыл желекті зиянкестіден қорғау үшін қайта өңдеуді қамтамасыз етуді, мердігер ұйымдардан атқарған жұмыстарын қайта орындатуды ұсынды.
Кеңесте қаралған екінші мәселе – сыртқы бейнебақылау камераларының жұмысы мен оның қылмыс деңгейінің төмендеуіне әсері туралы болды. Бұл туралы қалалық полиция бөлімі басшысының орынбасары Марғұлан Әубәкіров баяндады. Бүгінде орнатылған барлығы 85 бейнекамераның арқасында жасалған қылмыстар жедел анықталуда. Жиынға қатысушылар полиция бөлімі жанынан жедел басқару орталығын құру жөнінде облыстық ішкі істер департаментіне сұраныс хатын жіберу қажеттігін еске салып, бейнебақылау камералары орнатылған аумақтарды жарықтандыруды іске асыруды ұсынды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.