Шәмші әндері шырқалды

Биыл ұлтымыздың біртуар ұлы, ұлы тұлға, елі «Вальс королі» атап кеткен сазгер – Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осы атаулы күнге орай еліміздің барлық аймақтарында айшықты шаралар өтті. Онлайн жүйесінде әндер шырқалып, композитордың өмірі мен шығармашылығы жайлы тағылымды әңгімелер айтылды.

Бұл ілкімді істен кеншілер қаласының мәдениет бөлімі де қалыс қалған жоқ. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлбану Шахманованың айтуынша қала өнерпаздары әлеуметтік желілерде Шәмшінің әндерін шарықтата шырқаса, қалалық кітапхана әдемі бейнебаян да жариялапты.

– Биыл елімізде айтулы мерекелер аз емес. Мәселен, Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы мен Қазақстанның халық артисі, композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығы бір-бірімен тұспа тұс келіп отыр. Осы қос мерекеге орай «Менің Қазақстаным» атты онлайн байқау өткізіп жатырмыз. Байқау қорытындысы 24 тамыз шығарылады. Оған қатысушылар әлеуметтік желілерге бейнебаяндарын жіберіп, өз өнерлерін көпшілік назарына ұсынуда. Бүгінгі күні Жамал Омарова, Ақтолқын Бегежанова, Алтынбек Сейтбеков, Парасат Қасымбекова, Мадияр Құлашев, Дина Садырбекова сынды қаламызға танымал әншілер мен Бикен Абеева мен Күлия Данеханованың дуэті тамаша әндер шырқады, – дейді Гүлбану Темірболатқызы.

Айшықты шаралардан Ш.Ділдебаев атындағы мәдениет және шығармашылық орталығының өнерпаздары да қалыс қалған жоқ. Қазақстанның халық әртісі, қазіргі әнұранның авторы, танымал композитор Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай осы орталықтың «Купрум» үрмелі оркестрі де Шәмші әндерін шарықтатса, аталмыш оркестрдің солисі Руслан Бурлай әлеуметтік желілердегі тыңдарман назарына «Арыс жағасында» әнін әртүрлі аспаптарда тамылжыта орындады.

Ал, кітапхана қызметкерлері әлеуметтік желілеріне композитордың мерейтойына арналған бейнетаспа жүктеді. XX ғасырдағы қазақтың ұлы сазгері – Ш.Қалдаяқовтың шығармасымен таныстыру арқылы елді ұлттық музыканы түсінуге, оны құрметтеуге, одан ләззәт ала білуге тәрбиелеуді мақсат еткен шара көпшілікті қызықтыра алды.
Бейнетаспада Ш.Қалдаяқов өмірі мен шығармашылығы жайлы қысқа мәлімет және әндері топтастырылды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.