Жаңа оқу жылы: жаңа жүйелер

Енді бірер күннен кейін жаңа оқу жылы да басталады. Елдің көңілін күпті еткен оқу жылы бұл. Бұл жылы мектептердің аулаларында алғашқы қоңырау соғылмайтын болды. Құшақ-кұшақ гүл шоқтарын ұстаған оқушылар да некен-саяқ болатын сияқты. Өйткені, биыл сабақ қашықтықтан оқытылады…

Бәрінде бірдей емес, әрине. Мектеп табалдырығын тұңғыш аттағалы тұрған 1-сынып оқушылары дәстүрлі түрде білім алатын болды. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушылары үшін де мектептерде кезекші сыныптар ашылып, ата-аналардың қалауы бойынша оқушылар штаттық режимде білім ала алады.

Міне, осындай ерекше жағдайда басталатын оқу жылын қаламыздың білім беру мекемелері жан-жақты әзірліктермен қарсы алып отыр.

– Биыл қала бойынша 13 мектеп пен 3 мектептен тыс білім беру мекемелері балаларға сапалы білім, саналы тәрбие беретін болады. Бұлардың бәрі ағымдағы жөндеуден өтіп, алдағы қыс маусымына сақадай сай әзір. Осы мектептерде 11379 оқушы білім алады. Мұның ішінде 1500 бала бірінші сынып партасына отырады. Қазіргі уақытта 1257 баланың ата-анасынан өтініш түсіп тұр. Бұл оқушылардың 83,8 проценті, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков.

Берік Базылұлының айтуынша, қаладағы білім мекемелері аралас оқу жүйесіне де әзір. Бүгінгі күні 191 кезекші сынып жабдықталып, онда білім алатын 2373 оқушының тізімі де жасалған.

– Кезекші сыныптардағы оқушылардың саны он бестен аспайтын болады. Және олар арақашықтықты сақтай отырып бір партаға бір оқушыдан отырғызылады. Белгіленген кестеге сай сыныптарды залалсыздандыру, санитарлық тазалық жұмыстары да жүйелі жүргізіледі. Бұл үшін 537 литр антисептик, 39 дана тепловизор, 67 дана санитайзер, 39 дана дезкілемше сатылып алынып, мектептерге таратылды. Осы құралдар арқылы біз оқушылар мен оқытушылардың қауіпсіздігін сақтап, кеселдің жолын кесіп отыратын боламыз, – дейді қаланың бас мұғалімі.

Әңгіме барысында қашық-тықтан оқытуға әзірлік барысы да сөз болды. Бөлім басшысының айтуынша бұл бағытта да барлық мүмкіндіктер жасалыныпты. Қала мектептерінде оқитын аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасылардың балалары анықталып, оларға қажетті электрондық құралдар сатылып алынған.

– Бүгінгі күні біз 175 компьютер мен 56 планшет сатып алып, оны осы құралдарға зәру оқушыларға таратып бердік. Әрине, бұл – мектептің меншігі. Сондықтан олар қайтарыммен берілді. Әлі де үш жүздің үстінде компьютер сатып алу жоспарлануда. Сондай-ақ, оқушылардың интернетке еш кедергісіз қосылулары үшін тиімді жолдар іздестірілуде. Бұл бағытта біз қаланың мецанаттары мен «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалына интернеті жоқ мұқтаж отбасыларға роутер орнатып беруге ұсыныс жасап отырмыз, – дейді Берік Базылұлы.

Хош, сонымен жаңа оқу жылы қашықтықтан басталады. Ата-аналардың қалауы мен өтініштері бойынша бастауыш сынып оқушылары мектептерде күндізгі форматта оқи алады. Кезекші сыныптарда оқуға созылмалы аурулары жоқ балалар жіберіледі (бұл өтініште көрсетіледі). Оқушылар мен мұғалімдердің температурасын күнделікті өлшеу қарастырылған. Бір сыныпта 15-тен аспайтын бала оқуы тиіс. Өтініштерді сынып жетекшілері қолжетімді байланыс құралдары арқылы қабылдайды.

Кезекші сыныптардағы сабақтардың ұзақтығы – 40 минут. Сабақтар арасындағы үзілістер әр сынып үшін әр уақытқа белгіленеді. Сыныптарда әр екінші сабақтан кейін ылғалды тазалау жүргізіледі, ал дәліздер мен залдарда – әр үзілістен кейін. Мектептердегі асхана мен буфеттердің жұмысы тоқтатылады. Мектептер дезинфекциялау құралдарымен, аяқ киімді өңдеуге арналған кілемшелермен және санитайзерлермен қамтамасыз етілген.

Мектеп формасына уақытша өзгерістер енгізілді, яғни, оқушылар сабаққа мектеп формасымен немесе басқа ыңғайлы киіммен баруға болады.

Өткен оқу жылының төртінші тоқсанындағыдай, дүйсенбіден жұмаға дейін «Балапан» және «Еларна» республикалық телеарналарында қосымша білім беру ресурсы ретінде пайдалану үшін телевизиялық сабақтар көрсетілетін болады.

Карантиндік және шектеу шаралары жағдайында қолданылатын 1-11 (12) сыныптарда оқу жетістіктерін бағалау жүйесіне өзгерістер енгізілді. Жаңа оқу жылында бірінші тоқсанда бір жиынтық жұмыс (БЖЖ) және тоқсандық жиынтық жұмыс (ТЖБ) жүргізіледі.

Тоқсандық бағалау күнделікті бағалау, БЖБ және ТЖБ көрсеткіштері негізінде шығарылады.

Қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбековтың айтуынша биылғы оқу жылы осындай жаңаша сипатта басталды. Оның қандай нәтижелер берерін уақыт көрсете жатар. Ал әзірге біз оқушылар мен оқытушыларға сәттілік тілейміз.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.