Тұрғындар денсаулығы басты назарда

Өткен аптада Сәтбаев қаласы әкімдігі жанындағы тұрғындардың денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы ұйымдастырылған болатын. Үйлестіру кеңесінің күн тәртібінде 2020 жылдың жеті айдың қорытындысы бойынша бала өлімі мен педиатрияда болған қиын жағдайға сараптама жасау және 1 жасқа дейінгі балаларға БЦЖ екпесін салудан бас тартушылармен жасалатын жұмыс талқыға салынып, жіберілген кемшіліктерге сын айтылды.

– Өздеріңізге белгілі мамыр айында өткен кеңесте 6 жағдай тіркеліп, сіздерге бұл кемшіліктің алдын алу үшін тапсырма берілген болатын. Алайда ақпараттарыңызға қарап кемшіліктің жойылмағанын, керісінше бұл жағдайға тағы 3 баланың өлімі қосылғанын көріп отырмын. Бұған қалай жол бердіңіздер? Ана мен баланың денсаулығы бірінші орында тұруы тиіс, – деген Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина жауапты тұлғаларға ескерту жасады.

Жалпы ақпараттарға сүйенсек, 2020 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша қаламызда 1 жасқа дейінгі бала өлімі 44 пайызға өсіп, 9 жағдай тіркелген.Туберкулезден өлім-жітім 1 жағдайға өссе, ЖИТС ауруынан 4 жағдай тіркелген.

Жаңа туған сәбилерге екпе салу мәселесі де өзектілігін жоймай отыр. Ақпараттарға сүйенсек екпеден бас тартқан 18 жағдай тіркеліпті. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар да кеңес мүшелерінің назарына ұсынылды. Бүгінгі таңда Сәтбаев қаласында 4562 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркеуде тұр. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Асқар Шоқпытовтың мәліметінше мүмкіндігі шектеулі жандарға, оның ішінде бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшілер қарастырылған. Жалпы, мүгедек азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін жергілікті бюджеттен 118 млн бөлінген. Оларды жеке гигиеналық заттармен қамтамасыз ету үшін 17 млн.755 мың теңге қарастырылған. Протезді-Ортопедиялық көмекпен 104 адам қамтылса, демалыс орындарына 82 адам жолдама алған. Бұдан бөлек 22 азаматқа арнайы кресло-арба, 54 азаматқа сурда-аударма техникасы табыс етілген. Асқар Аманжолұлы Мұратбаев көшесі 26 «А» мекен-жайында ерекше балалар үшін арнайы ашылған орталық жұмыс жасайтындығын тілге тиек етті. Бұл орталықта ИПА терапия, дене жаттығуын жасау, саусақ маторикасын дамыту, емдік массаж жасау қызметі ұсынылады. Балаларды орталыққа жеткізу үшін арнайы көлік қарастырылған.

Адамның иммундық тапшылық вирусы инфекциясының алдын алу мәселесі қаралып, бұл жөнінде облыстық ЖИТС орталығы бөлімінің меңгерушісі Ляззат Мухамедиева баяндама жасады. Айтуынша, қаламызда ВИЧ инфекциясын жұқтырған 4 жағдай тіркелген. «Карантинге байланысты түсіндірме жұмыстары кейінге шегеріліп калды. Дегенмен де онлайн жүйеде жұмыстар жүргізілуде. Алайда нәтижесі осындай, – деді Л.Мухамедиева.

Статистикалық деректерді тыңдаған әкім орынбасары жастар арасындағы жұмыстардың ақсап тұрғандығын алға тартып, жастар ресурстық орталығының директорына облыстық ЖИТС орталығымен бірлесіп жастар арасында алдын-алу жұмыстарын жиі өткізуді тапсырды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.