Жалған қоңырау үшін жаза қатаң

Төтеннен келген табиғи немесе техногендік апаттарға тап болғанда немесе бұзақылар, қарақшылардан араша керек болған кезде 101 және 112 телефон желісіне хабарласамыз. Төтенше жағдайлар қызметкерлері кез келген хабарлама фактісі бойынша жедел жиналып, дабылдатып жолға шығады. Алайда, бүгінгі күні 101 немесе 112 телефон нөмірлерін келекеге айналдырғандардың қатары көбейді. Біреулері қателесіп ақпарат берсе, екіншілері белгілі бір себептермен қасақана қоңырау шалады. Жалған хабарлама берген азаматтар дәл сол уақытта басқа біреудің өміріне қауіп тудыратын жағдай болуы мүмкін екенін ескермейді. Одан бөлек жалған дабыл бюджетке едәуір шығын келтіретіні тағы бар. Қарағанды облысында 2019 жылы 79 жалған қоңырау шалулар орын алған. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 438-бабына сәйкес, жалған қоңырауға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған және осы санаттағы істерді қарау азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган құзыретіне кіреді. Құқық бұзушылықты жасаған айыпты тұлғаларды анықтау үшін полиция қызметкерлерімен бірлесіп, кінәлі тұлғаны анықтау және оны әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қолданылады.

1. Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет органдарын, полицияны, медициналық жедел жәрдемдi, авариялық қызметтердi жалған шақыру – жеке тұлғаларға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

2. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған, не аварияларды, өрттердi, дүлей зілзала салдарын жою кезеңiнде жасалған әрекеттер – жеке тұлғаларға алпыс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

3. Он төрттен он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар жасаған әрекеттер ата-анасына немесе оларды алмастыратын адамдарға ескерту жасауға немесе он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

Сондықтан да барша азаматқа жалған қоңырау шалып, төтенше жағдайлар қызметін бей-берекетсіз мазаламауға шақырамыз. Бүгінгі таңда заманауи техника құралдары кез келген «телефон бұзақысын» тез арада анықтауға мүмкіндік береді және оларды қатаң жауапкершілікке тартатын заң бар. Алайда осы шаралардың барлығы жалған шақыруларды тоқтата алар емес. Құқық қорғау, құтқару органдары үшін әрбір қоңырау қымбатқа түсетіні белгілі. Алайда олар «жалған террористі» анықтап, ұстап алып жауапкершілікке тарту үшін емес, ең алдымен адамдардың өмірі мен әл-ауқатының қауіпсіздігі үшін қызмет етеді.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.

Комментарии закрыты.