Ата-Заң – дала заңының дәстүрлі жалғасы

Заң саласында қазақ халқының ата-бабадан қалған бай мұрасы бар. Бұл тарихи құндылығымыз Кеңес заманында еленбей, бағаланбай, жинақталмай, бізге беймәлім болып келген еді. Ал тәуелсіздік алғаннан кейін, осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында үлкен жоба қолға алынды, сөйтіп академик Салық Зимановтың басшылығымен, «Қазақтың Ата заңдары» деген атпен 10 томдық жинақ жарыққа шықты. Бұл көптомдық қазына қазақтың, ресми тарихнамада айтылып келгендей, Ресейдің жетегіндегі мешеу жұрт емес, өзінің өркениеттік жолы бар, заңдары, дәстүрі бар халық екенін көрсетті.

Биыл қабылданғанына 25 жыл толып отырған Қазақстан Республикасы Конституциясын сол заңдарымыздың, төл дәстүріміздің жалғасы деп қарауымыз орынды. Айталық, ата-бабаларымыз құрған Қазақ хандығында биліктің үш тармағы болды: хан билігі, билер кеңесі және билер соты. Ал қазіргі біздің Конституциямызда да биліктің үш тармағы көрсетілген: атқарушы билік, заң шығарушы билік және сот билігі.

Әрине, заманалар озды, басымыздан бодандық дәуірін өткіздік. Дегенмен, ата-бабаларымыздың өмір жолынан бүгінге жеткен із бар. Қазақ билерінің «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, шындықты жеткізген, өте мәдениетті, шешен тілмен айтқан шешімдерінен олардың елдік мүддеге адал болғанын, ұлт мұратын бәрінен жоғары қойғанын көреміз.

Конституционализм ілімі бойынша, Конституциялардың екі түрі болады: жазылған Конституция және жазылмаған Конституция. Мысалы, Ұлыбритания елінің тұтас бір құжат ретінде қабылданған Конституциясы жоқ. Төрт мыңның шамасында заңдары, соттар үкімдері, шешімдері бар. Солардың барлығы қосылып Конституцияны құрайды. Араб елдері негізінен шариғат заңымен өмір сүріп келді. Конституцияны олардың бірқатары беріде ғана қабылдады. Сол сияқты, дала заңдары да – жазылмаған Конституция болды.

Комментарии закрыты.