Кеншібековтің бригадасы

Батыс Жезқазған кенішінің №67 шахтасында өз ісінің шеберлері атанған еңбек ұжымдары жетерлік. Үздіктер қатарында «Кеншібековтің бригадасы» да бар. №6 проходка учаскесіндегі Нұрлан Кеншібеков басқаратын ұжымның «үздік» атануы кездейсоқ емес. Бұл талай жылғы тәжірибенің, ұзақ уақыт төккен тердің нәтижесі.

— Жоспар бойынша айына 180 метр проходка жүріп өтуіміз керек. Бірақ біз бұл міндетті 200-ге жеткізіп, көздеген межеден асырудамыз. Мұрат Тортаев бригадир болған 2017 жылы кеніш бойынша өткен байқауда «Үздік бригада» номинациясын жеңіп алған болатынбыз. Қазір мен де еңбек ұжымын осы биіктен түсірмеуге барынша тырысып келемін. Жоспарды дер кезінде орындап, мінсіз жұмыс атқаруда еңбек озаттарының үлесі ұшан-теңіз. Олардың жастарды тәрбиелеудегі еңбегін айтсаңызшы. Бүгінгі күні бригадада оннан астам адам еңбек етуде. Олардың арасында істің икемін білетін, кен аттырудың жөн-жобасын түсінетін білікті мамандар жетіп артылады. Солардың қатарында Ербол Досанов, Арнат Қосыбаев, Володия Мурашка, Жандос Мұқанов, Қыдырбек Қожахметов, Ардақ Тапаев, Нұрсұлтан Сейітжаппаров, Дүйсенбек Алпысбеков, Асылбек Ибрагимов, Айтбек Жүсіпбеков, Мұрат Тортаев, Нұржан Есет, Қайрат Әлішев бар. Еңбек көрігін қыздырып жүрген кеншілер еңбек өнімділігін еселей түсіп, кен көзінің тоқтаусыз тасымалдануын қамтамасыз етуде. Ұжымдағы жиырма бес пен отыз жас аралығындағы жастар легі ардагерлерге әрқашан арқа сүйейді. Жастардың жақсы жағынан көрінуіне аға буын өкілдері көп көмек көрсетіп, тәлімгерлік қозғалысына жете көңіл бөледі, – дейді Нұрлан Серікбайұлы.

Бригада жұмысшыларын бір арнаға тоғыстырып отырған Нұрлан Кеншібеков бұдан бұрын ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, қызметтік өсудің бірнеше сатыларынан өткен. Байыпты бригадирдің алар асуы, жетер жетістігі алдыда екендігі хақ. Ол әңгіме барысында өзінің ұжымды басқарудағы тың әдіс-тәсілдерімен, бастамаларымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Нәтижелі тәжірибе алмасу, техника қауіпсіздігін сақтау мақсатында аудиттер өткізіледі. Онда корпоративті стандарттарды енгізудегі тәжірибелермен, қауіпсіздік техникасы, электр қауіпсіздігі мәселесі төңірегіндегі жетістіктерімен бөлісеміз. Жұмысшылар техникалық, еңбек жағдайын ұйымдастыру барысындағы корпорация стандарттары, қауіпсіздік ережесі туралы өзекті сұрақтарға жауап бере алуы тиіс. Сол арқылы өз ісінің үздіктері анықталады. Мұнда жұмысшыларды мадақтау бағдарламасы бар. Онда барлық жағдайлар қарастырылған. Өндірістегі ең бір қалыптасқан жағымды қағида – жас мамандарға жетекшілік ету арқылы үйрету. Бұл мектептің берері мол, – дейді ол.

Сәтбаев қаласындағы технологиялық колледжде білім алған жас жігіт еңбек жолын 2013 жылы осы кеніште бастады. Жетекшісі екінші, үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісінің иегері Бақыт Қазбековтің мектебінен тәлім алды. Бір жерде талай тер төгіп, өндірістік жарыстарда шыңдалған ол 2019 жылдан бастап бригадир ретінде соңынан ерген жастардың бір тобын қалыптастырды. Сондықтан болар, Нұрлан Серікбайұлы жер астындағы жұмыс барысымен етене таныс, кәсібінің қыры мен сырын жақсы біледі. Техниканың тоқтаусыз жүруі, кен өндіру процесін табысты атқаруға дайындығы, бұрғылау, аттыру, төбе бекіту, тиеу, тасу жұмыстарының жүйелі жүруін жалықпастан қадағалап, жұмысты ұтымды ұйымдастырып, үйлестіріп отыру міндетін мінсіз атқарып жүр.

Жұмыстан бөлек Нұрлан Кеншібеков «Бригадирлер кеңесінің» белді мүшесі. Кеншілердің әлеуметтік жағдайына жете көңіл бөліп, мұң-мұқтажына құлақ түре жүреді. Мәселен, Т.Романчук, В.Курохтин, Е.Жәнібеков, С.Науанов секілді бірнеше азаматқа қаржылай септесті.

– Әлеуметтік еңбек жағдайы жүйесін тиімді ұйымдастыру, әр жұмысшының қауіпсіздігін қалыптастыру мақсатында құрылған «Бригадирлер кеңесі» игі істерді жалғастыра бермек. Алдағы уақытта да оның шапағатына бөленушілер қатарының арта берері сөзсіз, –дейді Н.Кеншібеков.

Қазіргі кезде №67 шахтада айына 200 метр проходка жүріп, қажырлы еңбек етіп жатқан «Кеншібековтің бригадасы» бірінші жарты жылдықта өндірістік жоспарды 100 пайызға орындап, көздеген межені бағындырды. Алдағы уақытта да осы қарқыннан танбақ емес. Қиындықты жеңіп, жылдық жоспарды орындауға жұмыла кірісіп кеткен «Кеншібековтің бригадасы» кен өндіру процесінің тәулік бойы тоқтамауы үшін бел шешпей еңбек етуге әрқашан дайын екендіктерін осылай байқатуда.

Абыройлы Ардақ

Кен өндіріп, мыс балқытқан өңірімізде тағдырын өндіріспен ұштастырмаған жандар кем де кем шығар. «Жоқ» дегенде бір отбасынан кенші немесе металлург мамандығына бетбұрыс жасап, нәсібін осы саладан тапқан еңбек адамдары бүгінде арамызда зор құрметке ие болып жүр.

Ол өндіріске осыдан он жеті жыл бұрын түрен салды. Кеншібековтің бригадасындағы алтыншы разрядты проходшы Ардақ Тапаев кенші еңбегінің парқын ерте ұғынды. Өйткені алдыңғы толқын ағаларына қарап өсті.

– Қожахметовтер әулетін осы өңірде білмейтіндер жоқтың қасы. Осы ағаларым жастайымнан еңбекке баулып өсірді. Кенші мамандығына келуіме де ықпалы зор болды. Оның үстіне бала кезімде Жезқазған поселкесіндегі ескі шахталарға қарап «Мен де кенші боламын» деп осы мамандыққа құмартатынбыз. Жер астында шыңдалып, алғашқы табысымды үйге әкелгенде қуанышымда шек болған жоқ еді. 2003 жылы Анненск шахтасының жол учаскесіне еңбек жолымды бастадым. Кейіннен осы №67 шахтаға ауыстым. Ол кез кеніштен талай өндіріс озаттары шығып, табысты тасқындатып жатқан уақыт болатын. Мені жеті қат жер астында кен алу тәсілдеріне баулыған мықты жетекшілерім болатын. Осы жылдары үздік проходшы болып абыройлы еңбек еттім. Кенді өңірдің алыбына айналған №67 шахтаның іске қосылғанына қаншама уақыт өтсе де үлкен қуатқа ие. Әрине, мұның барлығы да жаңа инновациялық техникалардың арқасы. «Қазақмыс» басшылығы кеншілердің жұмыс жағдайын жақсартып, еңбек өнімділігін арттыруда бар мүмкіншілікті жасап отыр. Тек, еңбекке деген адал ниет пен құлшыныс керек. Осыдан екі-үш жыл бұрынғы «жер қойнауындағы пайдалы қазбалардың күні жетіп, түгесіледі» деген қауіп қазір сейілді. Зерттеу барысында қуаты әлі қырық – отыз жылға жететін қор бары анықталды. Қуанарлық жайт. Себебі, өңіріміздің күнкөріс көзіне айналған өндірістің тынысы ашылған сайын халықтың тұрмыс-тіршілігі түзеле бермек. Біз еңбегімізді елімізге арнаймыз. Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, еңбек адамы – құрметке лайық. Біз сол құрметтен өз орнымызды алдық деп ойлаймын,– дейді табыс тайқазанын тасытып жүрген Ардақ Нұралыұлы.

Кен өндіру – бұл нағыз ерлердің ісі. Кеншілердің ерен ерлігі, табандылығы, қажырлығы арқасында еліміз жетістіктерге жетуде. Еңбек ер атандырады. Қарапайым еңбек адамы оны осылай дәлелдегендей.

Даңқты Досанов

Кеншібековтің бригадасындағы үздіктер қатарында алтыншы разрядты проходшы Ербол Досанов бар. Аталмыш еңбек ұжымының атын асқақтатып жүрген ол әріптестері арасында сый мен құрметтің иесіне айналған.

2007 жылы алғашқы еңбек жолын «Жомарт» кенішінде бастаған Ербол Еркінбекұлы жоғары білімді Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінен алды. Төрт жылдай механик ретінде тер төккен ол біліктігін көтеру курсынан өтіп, кейіннен проходкаға біржола бет бұрды.

– Ол кездегі жетекшіміз майталман мамандар болатын. Ұжымдағы проходшылардың алатын орны ерекше. Олардың бойында еңбекке деген талпыныс, күш-жігер жетіп артылады. Сондықтан болар, жыл басынан бері серпінді еңбек ырғағын сақтай отырып, ай сайынғы тапсырманы жоспарға сай жүзеге асырудамыз. Жиырма жылдан астам бір жерде тер төгіп келе жатқан ардагерлер – мақтанышымыз. Жастарға тәжірибесін үйретіп, тәлімгер болған учаске бастығы Ғалымжан Тұңғышбаев секілді өз ісінің шеберлерімен бір шепте табысты тасқындатып келеміз, – деген Ербол Досанов бірнеше рет Жастар одағының, кәсіподақтың марапына ие болды. Бос уақытын спортқа арнайды.

Қазір жастардың заманы. Күш-қуаты мол, өндірісті оңынан өзгертуге мүмкіндігі мол жастарға жол ашық. Бүгінде Е.Досановтың жетекшілігінде болу жас мамандар жұмысының сапасын танытады. Проходшы ұзақ жылғы тәжірибесін жалықпастан бөліседі. Өйткені, сүйікті кәсібі оның өміріндегі жоғары сыйдың бірі болып табылады.

— Өндіріс саласының сырттай қарағанда қиындығы білінбейді. Шындығында кен өндіру жұмысына ақыл-ой өте қажет. Іске кіріспей тұрып ойланып алған дұрыс. Өйткені, алты жүз метр тереңдіктегі шыңырауда кен қазған оңай емес. Мен кәсібімді әрдайым мақтан тұтып келдім. Ауыстыруды ойыма да алған емеспін. Осы салада жұмыс істеу қиындықтарға қарамастан үлкен қуаныш сыйлады, — дейді.

Жер астында кен өндіру оңай емес. Оның нәтижесі учаскелердегі жұмыстардың үйлесімді атқарылуына байланысты. Осы тұрғыда проходшылар қауымының еңбегі ерен. Олар жұмыс барысын ұтымды ұйымдастырып, шеберліктерін шыңдау арқылы, тапсырманы ойдағыдай орындауда. Бұл жолда ұжым даңқын арттырған Ербол Досановтың үлесі зор.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.