Онлайн байқау мәресіне жетті

Карантин кезінде шығармашыл тұлғаларды дәріптеу жұмыстарына еш кедергі жоқ. Мәдениет саласының қызметкерлері өңір өнерпаздарын қолдау мақсатында қала тұрғындары арасында түрлі онлайн байқаулар ұйымдастыруда.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі ай бұрын шаһарымызда Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Менің Қазақстаным!» атты онлайн байқау бастау алған болатын. Ерекше форматтағы шара Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына және атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толған мерейлі мерекелерге арналған болатын. Осы ретте аталмыш байқауға оннан астам өнерпаз қатысып, Шәмші ағамыздың әндерін онлайн түрде шырқады. Әлеуметтік желіде көп лүпіл жинаған әншілер ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдеге орталық кітапхананың әдіскері Парасат Қасымбекова лайық деп танылды.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА,
Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.