Бірлік пен тұрақтылық кепілі

Қазақстан Республикасы әрбір адамның наным бостандығы құқығын құрметтейтін демократиялық, зайырлы мемлекет болып табылады, азаматтар діни сеніміне қарамастан тең құқылы.Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін діндердің мәдени және тарихи құндылығын және конфессияаралық келісімнің маңыздылығын, діни төзімділікті және азаматтардың діни нанымдарын құрметтейді. Қазақ жері – бүкіл әлемдік діндердің: буддизмнің, христиандықтың және исламның тоғысқан жері. Біз өте көне, бай өркениеттердің елеулі түрде ерекшеленетін көптеген әлемдік дүниетанымдардың тоғысқан жерінде тұрамыз. Қазақ халқы діни мәдениеті өте жоғары, иманды, имани түсінігі мол әлемдегі санаулы ұлттардың қатарына жатады. Сондықтан, қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтардың бірі–зайырлы қоғам мен жоғары руханият. Жалпы, адамзат дамуының тарихи тәжірибесінен туындаған мемлекеттің зайырлық принципі мемлекет пен діннің бір–бірінен бөлінуін жариялағанымен, ол ұғым бұл екеуінің арасына қорған салуды білдірмейді. Өйткені, дінсіз – мемлекет, ал мемлекетсіз – дін жоқ. Дін мен мемлекеттің түйісер жері – елдің тұтастығы және қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Осы себептен, ел дамуының бүгінгі кезеңінде екі тараптың өзара бірігіп әрекет ететін кеңістігін, оның құқықтық тетектерін уақыт талабына сай айқындаудың және жетілдіріп отырудың маңызы зор. Бұл жерде мемлекет мынадай қағиданы басшылыққа алуы тиіс: ол қоғамдағы діни бірлестіктерді реттейтін өз шекарасының аумағын тарылтпауы керек және еліміздің негізін құрап отырған халықтың дәстүрлі дініне басымдық беруі қажет. Өйт-
кені, қоғам мен дінді бір – бірінен бөлудің мүмкін емес екендігін ескерер болсақ, мемлекеттің діни салада белсенді түрде реттеуші болуы тиіс екендігі талас тудырмасы анық. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы сәттен-ақ зайырлы қоғам құру мақсатында көптеген істер атқарды. Ал бүгінде зайырлылықты күннен күнге нығайту үстінде. Өз ойымды қорытындылай келе айтатыным, ол рухани байлық бар жерде елдің бірлігі де нығая түседі. Ал, ел бірлігі мықты болса, онда мемлекет те мықты,оның іргесі де берік болады.

Е.ЖАҒЫПАРОВ,
Сәтбаев қаласының дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығының мониторинг және талдау бөлімінің басшысы.

Комментарии закрыты.