Жедел жәрдем көлігін сыйлады

Талайды ажал қармағына іліп, талайды төсекке таңған «Тәж тажал» ақ желеңді жандарға да үлкен сынақ болды. Әсіресе, жедел жәрдем станциясы бұл уақытта тынымсыз жұмыс істеді. Тіпті шақыртуларға баратын жедел жәрдем машинасы жетіспей, жеңіл көліктерді пайдаланған кездер де болды…

Осындай алмағайып тұста елдігімізді танытып, бірліктің туын биікке көтере білдік. Соның арқасында төтеннен келген тығырықтан шығар жол таптық та. Әсіресе дәрігерлер мен емдеу мекемелеріне көрсетілген қамқорлық пен көмектің арқасында қатерлі індеттің бетін қайтарып, оның ілмегіне ілінген жандарды аман алып қала алдық. Осы орайда жүрегі ақ, жомарт жандар мен іргелі кәсіпорындардың, қалталы азаматтардың «Біз біргеміз!» деген ұранға үн қосып, бірлік танытқанын ерекше атап айтуға болады. Бұл істен кейбір банктер де қалыс қалған жоқ. Мәселен, «Каспий» банкі қалалық емханаға шетелдік «Chevrolet» автокөлігінің базасында жасақталған жаңа үлгідегі жедел жәрдем көлігін сыйға тартты.
Бұл көлік төртінші категориядағы сырқаттардың шақыруына жүретін болады. Қазір оның құжаттары рәсімделіп жатыр. Кешегі коронавирус пен пневмония өршіп тұрған кезде төртінші категориялы сырқаттарға баратын көлік болмай, дәрігерлердің қолы қысқарып қалған еді. Енді міне, осы қызметке арнайы көлік келіп, тығырықтан шығып жатыр. Мамандардың айтуынша, жаңа көлікте сырқаттарға жедел медициналық қызмет көрсететін заманауи құрылғылардың бәрі бар көрінеді.

Орайы келгенде айта кетейік, «Біз біргеміз!» акциясына аймағымыздағы алпауыт компания – «Қазақмыс» корпорациясы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де өзінің қомақты үлесін қосты. Аталмыш компания кеншілер қаласындағы орталық аурухананың инфекциялық бөліміне – 15, туберкулезге қарсы диспансерде ашылған инфекциялық бөлімге – 15, Медициналық клиникаға 30 оттегі концентраторын, сондай-ақ қаланың емдеу орындарына 3 өкпеге жасанды жел беру аппаратын, жедел жәрдем станциясына антисептиктер, маскалар мен перчаткалар алып берді.

Мұндай қайырымдылық істі қаламыздың меценаттар клубы да жасап, олар емдеу мекемелерінде жатқан сырқаттарға бірнеше дүркін қымыз, су, сусындар жеткізіп тұрды. Қаланың қайырымды жандары да бұл іске өздерінің үлесін қосты. Осылайша, кеселдің бетін бірлесіп қайтарып, елдің еңсесін тіктеуге жәрдем жасалды.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.