Ескерткіш – еңбек ерлеріне

Оңтүстік Жезқазған кенішінің құрылғанына 55 жыл толған мерейлі күн Кеншілер мерекесімен тұспа-тұс келді. Үш бірдей Социалистік Еңбек Ері даңққа бөлеген кеніштің мерейтойы сән-салтанатымен аталынып өтті.

Торқалы той Әубәкір Құсайынов, Қазымхан Кентаев және Денберген Баймағанбетовке арналған арнайы ескерткіш тақтаның ашылуынан бастау алды. Бірінші болып сөз алған Қазақстанның Құрметті кеншісі, тау-кен өндірісінің ардагері Александр Юн өзі жемісті еңбек еткен Оңтүстік кенішінің дамуына тілектестігін білдіріп, ерен еңбек иелерін ұлықтаған игі іске разылығын білдірді.

– Кеніште еңбек еткен жылдарымда Денберген Баймағанбетовтің мектебінен өттім. Кен өндірісіне өте жетік маман болатын. Білгенін үйретуден жалықпай, айтып, түсіндіретін. Соңынан лайықты шәкірттер тәрбиелей білді. Міне, бүгін есімі ұлықталып жатыр. Қуаныштымын. Өйткені, тарихты, сол тарихты қалыптастырған тұлғаларды келер ұрпақ білуі керек, – деді.

Дара тұлғалардың өмір жолынан сыр шертетін көрме мен естелік тақтаны ашу құрметіне Оңтүстік Жезқазған кенішінің директоры Руслан Нагиев пен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Кен байыту кешенінің Бас маркшейдері Ләззат Баймағанбетова ие болды.

Ашылу салтанатының соңы кеніштің мерейтойына арналған жиынға ұласып, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Кен байыту кешенінің бас инженерінің орынбасары А.Құйқабаев кеншілерді кәсіби мерекемен құттықтап, Қазақстанның Еңбек Ері, «Батыс» кеніші №73/75 шахтаның үңгілеушілер бригадасының бригадирі Тұрсынбек Мақышевқа бірінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін тақты. Осы дәрежедегі төсбелгімен Шығыс Жезқазған кенішінің жарушысы Мұрат Жұртшыбаев марапатталды. Екінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі Оңтүстік Жезқазған кенішінің жарушысы Алданыш Қызыровқа, үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісі аталмыш кеніштің еңбеккерлері Даулет Бесимов, Сәрсенбай Дүйсенов, Қабиден Қабаев, Ербол Мырзабековке тапсырылды. Сонымен қатар, бір топ еңбек озаты «Қазақмыс» Холдинг» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйақысына ие болды.
Ыстық ықыласын «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің Басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров те жеткізді. Үшінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін Оңтүстік Жезқазған кенішінің учаске басшысы Нұрлан Омаровқа, Ғ.Омаров атындағы шахтапроходкалау тресінің №8 учаскесінің үңгілеу-
шісі Асқан Сұлтанбековке, «Батыс» кеніші конвейер учаскесі басшысының орынбасары Мариана Никулинаға, Оңтүстік Жезқазған кеніші №17 учаскенің электровоз машинисі Ғабдулла Оразалинге табыстады. Кен өндірісінде ұзақ жыл қажырлы еңбек еткен Мари Әміржановқа «Оңтүстік Жезқазған кенішіне 55 жыл» мерекелік медалі табыс етілді. Сондай-ақ, Т.Бүкіров озаттарды «Қазақмыс» Холдинг» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың Құрмет грамотасы мен ақшалай сыйақысымен марапаттады.
– Бүгінгі күні кеншілер өңірімізді өркендетуге сүбелі үлес қосып келеді. Жұмысшылар мен инженер-техникалық қызметкерлер аса күрделі өндірістік үрдістің тоқталмауына себепші болуда. Күрделі әдістерді меңгеруде. Жұмысты тиімді ұйымдастыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбеккерлерге жағдай тудыру, міне, осының бәрі табысқа жетудің алғышарты болып табылады. Ең бастысы, осы бір қарапайым қағидаларды «Қазақмыс» корпорациясының басшылығы да, еңбек ұжымы да терең түсіне білуде. Демек, табыс тасқыны төмендемейді деуге толық негіз бар. Қазымхан Кентаев, Әубәкір Құсайынов, Денберген Баймағанбетов секілді батыр ағаларымыз салып берген жолды абыроймен жалғастыра берейік, – деген «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Ерболат Сатыбалдин Оңтүстік Жезқазған кенішінің еңбеккерлері Серәлі Әбішев, Дариға Ерназарова, Абай Бекешовке, Болат Ермаханов, Қуаныш Есетов, Алтайбек Қасиновтың кеудесіне «Оңтүстік Жезқазған кенішіне 55 жыл» мерекелік медалін тақты. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбек қатынастары басқармасының Жезқазған аймағы бойынша басшысы Сабыржан Тембаев бір топ үздіктерді «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС кен байыту кешенінің Бас директоры Амангелді Минеғұловтың Құрмет грамотасымен және ақшалай сыйақысымен марапаттады.
Мерекелік жиын «Атамекен» әнімен түйінделді.

Мейрамгүл САЯЖАН.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.