Мәжіліс депутаты Сәтбаевта

Жезқазған аймағына іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов кеншілер шаһарында «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасының аясында Шаталюк көшесінде бой көтеріп жатқан 48 пәтерлік үйдің құрылысымен танысты.
Мәжіліс депутатына қала басшысы Батырлан Ахметов, «Нұр Отан» ХДП «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қарағанды филиалының аппарат жетекшісі Болатбек Жақсыбаев, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев еріп жүрді.
Ауылдардан көшіріліп жатқан жұмыссыз азаматтарға берілетін бұл баспананың құрылыс жұмыстарының біраз бөлігі қазіргі күні жүзеге асырылған. Былтырғы жылы тамыз айында басталған құрылысты Бақытжан Даупбаев басқаратын қарағандылық «Sektor stroi» ЖШС -і жүргізіп жатыр.
Қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Гүлбану Бакированың айтуынша, салынып жатқан үйдің жалпы құны 334 миллион. Бұл үйдің бірінші қабаты мүгедек жандарға ынғайланып салынған. Үш қабатты үйдің құрылыс жұмыстарында аздаған кешігушілік болғанымен, Арман Төлешұлы оны уақытында бітіру керектігін баса айтты. Мердігер компанияның жұмыскерлерінің атқарып жатқан жұмыстары көңілінен шыққанын айта келе, бұл бағдарламаның аясында жұмыссыз жүрген азаматтар екі қолға бір күрек ұстап, баспаналы болсын деді А.Қожахметов. Қала басшысы Б.Ахметов бұл пәтерлердің кілті ел Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында салтанатты түрде табыс етілетіндігін айта келе, келер жылы баспана мәселесін шешу бағытында тағы да екі үйдің іргетасы қаланып, бой көтеретіндігін жеткізді.
Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.