Баға жетпес асыл мұра

Қазақстан Республикасының егеменді, тәуелсіз мемлекет екендігін айқындайтын негізгі конституциялық құқық белгілерінің бірі – мемлекеттік тіл. Тәуелсіз де егемен Қазақстанның мелекеттік тілі қазақ тілі болғандықтан, оны білу Қазақстан азаматының қасиетті борышы. Қазіргі кездегі қазақ тілінің мемлекеттік органдардағы қолдану жайы мен оның хал-ахуалы ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Туған тіліміздің мәртебесін асқақтату бәріміздің азаматтық парызымыз. Сол үшін маңдай терімізді төгіп еңбек етуіміз керек, өйткені оның мәртебесі тек қана ауызекі қолданыс аясымен шектелмейді.

Ұлт тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағандығын көрсетеді. Ұлт-
қа тілінен қымбат еш нәрсе болмауы тиіс. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақтың тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тұнық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі көрініп тұр.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» заңының 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iсқағаздарын жүргiзу тiлi» деп жазылғаны баршаға мәлім. Сонымен бiрге барлық мемлекеттiк органдар мемлекеттiк тiлдi, яғни қазақ тiлiн барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға, ана тiлiн сақтауы мен дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi деп көрсетiлген. Азаматтық істер жүргізу кодексінің 14-бабына сәйкес, азаматтық істер бойынша сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал, қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен қоса, орыс тілі немесе басқа тілдер бірдей қолданылады делінген.

Сотқа жүгінетін адамдардың ұлты қазақ бола тұрып, сотқа келіп түскен арыз-шағымдардың көбі орыс тілінде түседі. Өз ана тілін жетік білсе де, заңды білмегендіктен, заң кеңесі орыс тілінде беріледі. Ал процессуалдық заңдардың талаптарына сәйкес, арыз қай тілде берілсе сот істі сол тілде қарауы тиіс. Содан соң сол арызды сотқа тапсырған адам сотта орыс тілін жете білмегендіктен, мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде сөйлеуді сұрайды. Заңда «сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі» деп көрсетілгендіктен, сот үдерісіне тараптардың біреуі ғана қазақ тілін білмеген жағдайда аудармашы қатыстырып, сот мәжілісін мемлекеттік тілде жүргізген дұрыс. Қайткен күнде де сот ісінде мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейтуді қажет етіледі. Сот жүйесінің қызметкерлерінің басым көпшілігі өздері мемлекеттік тілде құжат әзірлейді, хат жазады, қазақ тілін түсінеді, ауыз-екі сөйлейді. Қажеттілігіне қарай судьялар мен сот қызметкерлеріне қазақ тілін оқыту сабақтары жүргізіледі. Демек, мемлекеттік тілде хабарласқан, жүгінген, хат жазған адаммен мемлекеттік тілде сөйлесуге, хат жазысуға соттардың толық мүмкіндігі бар. Сот қызметкерлерінің қазақ тілін меңгеруіне, қазақ тілінде сөйлесуіне талап қойылады.

Сондай-ақ, заңда «азаматтық сот ісін жүргізу сотқа арыз берілген тілге қарай белгіленеді және қылмыстық іс бойынша іс жүргізу қылмыстық процесті жүргізуші органның қаулысымен белгіленген тілде жүзеге асырылады» деп көрсетілген. Демек, талап-арыз сотқа қай тілде түссе, қылмыстық іс қай тілде жүргізілсе, сот істі сол тілде қарауы тиіс. Судья істі қарау барысында тараптар қазақ ұлтынан болса, сол тілде неге тергеу амалы жүргізілмегеніне, неге басқа тілде алынғанына назар аударып, тиісті ескертпелер жасайды.

Конституцияның 14-бабына сәйкес заң мен сот алдында бәрi – тең. Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасына, тұрғылықты жерiне байланысты ешкiмдi кемсiтуге болмайды.

Тіл тағдыры – ұлт тағдыры. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруде мемлекеттік қызметшілерге жүктеліп отырған міндет зор. Сондықтан азаматтық істерді қарау барысында мемлекеттік тілдің қолданысына қырағы болуымыз қажет.

Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Қай ұлттың өкілі болмасын Қазақстанды қасиетті де киелі Отаным деп мойындап, гүлденуі үшін қызмет етуі тиіс. Қазақстан мемлекетінің азаматы екенімізді жан-жүрегімізбен түйсінсек, болашақ ұрпаққа Отан алдында жауапты екенін ұғындырсақ, тіл мәдениетін көтеріп, өркендетеміз. Тіл мәселесі кезең-кезеңімен жүйелі шешіліп келеді. Тілге қатысты көп сөзден гөрі айқын да нақты істер керек. Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің тағдырын кәсіпорын, ұйым, мекеме басшылары аудармашыларға немесе мемлекеттік тілге жауапты қызметкерлерге жүктеп қоюда. Ал, тіл тағдыры тек мұнымен шектелмейді. Тиісті бағдарламаның орындалуы «Қазақ тілі» қоғамына, жергілікті жерлердегі тілдерді дамыту басқармаларына, сонымен қатар, еліміздің әр азаматына тікелей байланысты.

Ана тіліміз – баға жетпес асыл мұра. Тіл – халықтың жаны, діні, рухы, елдік қасиеті, ұлттық болмысы. Сол асыл мұраны аялап, қорғап, дамытып, көзіміздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізейік.

Гүлназ ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
Сәтбаев қалалық сотының судьясы.

Комментарии закрыты.