Тіл мерейін арттырғандар

Ағымдағы жылдың 31 қазаны күні «Қазақстан Республикасында мереке күндер тізбесін бекіту туралы» №689 ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес Қазақстан Халқы тілдері күні 5 қыркүйекте тойланатын болды. Осы атаулы күнге орай мемлекеттік тілдің мерейін арттырып жүргендердің бір тобына қала әкімінің Құрмет грамотасы және әкім орынбасарының Алғыс хаты табыс етілді.

Айта кету керек, Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайтын болады.

Жиынға қала әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина қатысып, тіліміздің ұлтаралық қатынас құралына айналуы жолында еңбек етіп жүрген тіл жанашырларына алғыс білдірді.

– Ата Заңымызда жазылғандай, қазақ тілінің – мемлекеттік тіл екенін естен шығармауымыз керек. ХХ ғасырдың басында ғалым Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың жоғалуына себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген екен. Олай болса туған тіліміз халқымыздың кешегі жүріп өткен жолын, бүгінге жалғасқан ғұмырының ертеңге апарар мүддесін бейнелейтін ең басты қазынамыз. Сондықтан құрметтеп, қолдап, аялау керекпіз. Осы жолда атқарып жүрген игі істеріңіз жемісті, жетістіктеріңіз көп болсын, – деді Айгүл Қосманқызы.

Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеріп, дамыту мақсатында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі жыл сайын «Тіл-парасат», «Тіл-дарын», «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлері», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқауларын ұйымдастырып, талапты жастарды облыстық, республикалық додаларға қатыстыруды дәстүрге айналдырған. Осы ретте Қарағанды облысы әкімінің мемлекеттік тілді дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген азаматтарға арналған дәстүрлі «Тіл жанашыры» сыйлығының «Мемлекеттік тіл – бизнесте» номинациясын қаламызға танымал кәсіпкер Шолпан Жанғаскинова жеңіп алды. Марапат құтты болсын, жерлестер!

Мейрамгүл САЯЖАН.

Комментарии закрыты.