АЛҒАШҚЫ АПТА: ҚЫЗЫҚ пен ШЫЖЫҚ

«Туған ай тураған етпен тең» дейді атам қазақ. Әне-міне дегенше жаңа оқу жылының алғашқы айын да орталып тастаппыз. Әрине, бұл алғашқы екі апта оқушылар үшін де, ата-аналар мен оқытушылар үшін де қызыққа толы болды деп айту қиын. Оның қызығынан шыжығы басым болған сыңайлы. Жалпы, оқу жылының басы қалай өтіп жатыр, нендей кедергілер бар, сақтық шаралары қалай сақталуда деген мәселелерді білмек болып қаланың бірді-екілі білім ошағына бас сұққан едік…

Өздеріңізге мәлім, биылғы оқу жылы ерекше жағдайда басталды. Мектеп табалдырығын енді аттаған 1-сынып оқушылары толықтай дәстүрлі түрде оқыса, бастауыш сыныптар үшін «кезекші сыныптар» ашылды. Ал, орта буын мен жоғары сынып оқушылары қашықтықтан оқытылуда. Мектептердің бұлайша екіге жарылуы онсыз да күрделі уақытта аз қиындықтар туындатып отырған жоқ. Әсіресе мұғалімдер жұмысы тіптен ауырлай түсті. Олар бір оқушыларына мектепте дәріс берсе, енді біреулерін онлайн жүйе-
де оқытып әлекке түсуде.

«Кезекші сыныптарда» кедергі жоқ

Хош. Сонымен мектептер жаңа жүйедегі жаңа оқу жылын бастап кетті. Қаладағы барлық мектептерде кезекші сыныптар ашылып, бастауыш сынып оқушылары штаттық режимде оқуда. Соның бірі – №15 орта мектеп.

Барлық білім ошақтарындағыдай мұнда да санитарлық талаптар бірінші кезекке қойылған. Мектепке келген оқушылар ең алдымен қатаң тексерістен өтеді. Олардың дене қызуы тексеріліп, арнайы дезкілемше арқылы аяқ киімдері залалсыздандырылады. Содан кейін ғана сыныптарына қарай өтеді.

Ал, сыныптар мектептің әр қабатына бөлініп тасталынған. Балалар бір-бірімен араласпайды. Әр партаға бір оқушыдан отырғызылған. Сабақ арасындағы үзілістер де әр уақытқа белгіленген. Ең бастысы, бір сыныпта 10-15 баладан ғана оқытылады.

– Биыл біздің мектептің табалдырығын 125 бала тұңғыш рет аттап отыр. Оның 70-і қазақ сыныптарында оқыса, 55-і орыс сыныптарына келген балалар. Жалпы, бастауыш сыныпта оқитын 473 оқушының 272-сі кезекші сыныптарда дәріс алуда. Оларға 20 сынып құрылды. Мұның оны 1-сыныптардікі, қалған оны 2-4 сыныптарға арналған. Нақтырақ айтар болсам, 2 сыныпта 60 бала 4 топқа бөлінген. Оның үшеуі қазақ, біреуі орыс сыныбы. Ал, 3 сыныптағы 42 бала және 4 сыныптағы 45 бала екі топқа бөлінген. Біреуі қазақ, біреуі орыс сыныптары. Бұларға 11 мұғалім дәріс береді. Оның жетеуі қазақ сыныптарының мұғалімдері болса, төртеуі орыс сыныбының оқытушылары, – дейді мектеп директорының бастауыш сыныптар бойынша оқу ісіні жөніндегі орынбасары Ақмарал Егізбаева.
Ақмарал Хамитқызының айтуынша баланың қауіпсіздігі бірінші орында. Мектепте санитарлық шаралар толығымен қамтамасыз етілген. Санитайзерлер, антисептиктер, түрлі бактериалды сабындар, қажетті тепловизорлар, тоннель, дезинфекциялаушы бар. Бетперделер, қолғаптар қажет мөлшерде. Кезекші топтағы оқушылар саны 15-тен аспауы қатаң сақталуда. Мектептегі сыныптар да осыған лайықталып дайындалған.

– Сабақтың ұзақтығы – 40 минут, ал үзіліске әр сынып әр уақытта шығады. Созылмалы аурулары бар балалар қашықтан оқуға жіберілді. Ал кезекші топта оқып жүргендерге ата-аналары немесе жауапты адамдар балаларды санитарлық құралдармен яғни маска, антисептик немесе бактерияға қарсы майлықтармен қамтамасыз етіп, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау туралы түсіндіріп отыруы тиіс. Әрбір екінші сабақтан кейін кабинеттерде және әр үзілістен кейін, ауысымдар арасында, дәліздерде, холлдарда ылғалды тазарту жұмыс-
тары және кварцтау жүргізіліп жатыр. Әзірге ата-аналар тарапынан шағым түскен жоқ. Бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз, – дейді оқу ісінің меңгерушісі.

Қашықтан оқытуда қиындықтар бар

Қала мектептері қашықтан сабақ беру форматына да кірісіп кетті. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанын осылай оқып шыққан оқушылар үшін бұл үрдіс онша қиындық тудыра қоймас деп ойлағанбыз…

Бірақ, олай болмай шықты. Биылғы таңдаған платформа күні бүгінге дейін икемге көнбей, оқушыны да оқытушына да тығырыққа тіреді. Тіпті ата-аналар да діңкелеп, әлеужеліде «ашуларын басып» жатыр. Міне, осы елдің есін шығарған жүйе қаламыздағы қазақ мектептерінің қара шаңырағы саналатын №27 мектепте қалай жүріп жатқанын білу үшін арнайы атбасын бұрған едік.

– Жасыратыны жоқ, қашық-тықтан оқыту биыл біршама қиындықпен басталды. Тіпті, әлі жалғасып жатыр десем болады. Бұған басты себеп, таңдалып алынған платформаның толыққанды жетілдірілмегендігі. Соның салдарынан оқушы мен мұғалімнің арасында кері байланыс болмай тұр. Яғни оқушының орындаған тапсырмалары мұғалімге дүрыс жетпей жатыр. Осыдан барып, үйренген тәсіл, ватсапқа жүгінуге мәжбүр болуда.

Десек те, соңғы күндері «ЕдуМарк» те жолға түсіп келе жатқан сыңайлы. Мұның бәрі уақытша кідірістер деп ойлаймыз. Бәрі қалпына келеді. Тек сабырлық танытуымыз керек, – дейді №27 мектептің директоры Гүлзия Жүнісбекова.

Мектеп басшысының айтуынша қарашаңырақта 799 бала оқиды екен. Оның 177-сі кезекші сыныпта білім алса, 622 оқушы қашықтықтан оқытылады.

Қашықтықтан оқытудың өзіне тән қиындықтарының бірі интернет желісі мен электронды ақпарат құралдарына тірелетінін ел жақсы біледі. Мұның алғашқысы әлі сол күрделі күйінде қалуда. №27 мектеп оқушыларының дені ел ауызекі «Қазақы ауыл» атап кеткен аймақтан болғандықтан бұл мәселе де оқудың ойдағыдай өтуіне қолбайлау болуда. Ғаламторға ұялы телефондарының интернет трафиктерін қосу арқылы, не болмаса интернет флешкалар арқылы кіруге мәжбүр болып отырған оқушылар әлі көп.

– Ал, компьютерге зәру оқушыларды қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін тауып келеді. Биыл біз 18 оқушымызға ноутбук пен 7 оқушыға компьютер бердік. Мұның сыртында «Қазақмыс» корпорациясы 7 ноутбук беріп отыр. Мұның бәрі аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасының балаларына берілді, – дейді Гүлзия Ғабдулуахитқызы.

Баршамыз үшін үлкен сын

«Аралас оқу жүйесін неге таңдадық? Төртінші тоқсандағыдай онлайн оқыта берсек болмады ма?» Бұл сауалдар барлығымыздың көкейімізде жүргені анық. Осы сауалды біз аталмыш мектеп директорының ақпараттандыру ісі жөніндегі орынбасары Гүлзия Мәуленованың алдына да көлденең тарттық.

Сөйтсек, гәп мынада екен. Біріншіден, 1-сынып оқушысы міндетті түрде мектепте оқып, мектеп, парта, тақта дегеннің не екенін жан дүниесімен сезінулері қажет. Екіншіден, бастауыш сынып оқушылары әлі оң-солдарын толық танып үлгермеген, өздігімен жұмыс істеуге бейімделмеген. Сондықтан, қашықтықтан оқу оларға қиын соғады.

Бәрі орынды. Қашықтықтан оқыту бастауыш сыныптар үшін ғана емес, барлық оқушылар үшін күрделі. Бұлай оқудың дәстүрлі оқумен салыстырғанда қайтарымы аздау. Бірақ, күллі әлемді жайлаған жұқпалы індеттің салдарынан осылай екіге жарылуға мәжбүр болып отырмыз.

– Десек те, қашықтан оқытудың оңтайлы тұстары да бар екенін мойындауымыз керек. Мәселен, балалардың кейбірі сыныптастары және мұғалім алдында тақтаға шығудан тартыншақтайды. Қазіргі жағдайда үйде, яғни өздеріне жайлы ортада білім алу кезінде бала үшін стресс аздау болады. Екінші жағынан балалар үшін ойын форматы іспеттес болып тұр. Оларға бұл тың формат, қызық, сәйкесінше, олар оны үрей емес, ойын ретінде қабылдауда, – деді Гүлзия Жолдасбекқызы.

Сонымен қатар маман дәстүрлі мектепте білім алғанға үйреніп қалған кейбір балалар үшін бұл формат басқалай реакция танытуы мүмкін екенін де жасырмады.

– Сондықтан, қазіргі жағдайдағы ахуалды алдымен дұрыс түсініп, ересектер өз балаларына қолдау білдіруі керек. Бұл ретте қашықтан оқытудың маңыздылығын түсіндіріп, шыдамдық танытқаны абзал. Қазірдің өзінде ата-аналар «қолданыстағы платформаның қиындығынан жапа шегіп жатырмыз» деп байбалам салып, әлеуметтік желіде өкпелерін айтып жатыр. Біз түсінеміз. Қиындықтар жоқ емес, бар. Олар балаларының білім деңгейі төмендеп кетеді деп қорқады. Дегенмен де бұл жаңа тәжірибе, жаңа дағды әрі тың мүмкіндік екеніне назар аудару керек, – дейді ақпараттандыру ісі жөніндегі меңгеруші.

Міне, жаңа оқу жылының алғашқы екі аптасы осылай өтті. Қызығы да бар. Елді қинаған «шыжығы» да аз емес. Ең бастысы, оқушылар бұл жаңа жүйеге төселіп қалды. Бірақ, бәрі бір нәрсеге алаңдаулы. Асыға күтетін де сыңайлы. Ол әрине – дәстүрлі оқу. Сол күнге жетсек екен дейді бәрі…

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Комментарии закрыты.