Кеңестің ережесі бекітілді

Жақында қалалық әкімдікте қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиеваның төрағалығымен қоғамдық тәртіпті бақылау бойынша кеңес өтті. Кеңес жұмысына қалалық мәслихат депутаттары мен Сәтбаев қалалық Ішкі істер бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Күн тәртібінде ІІБ-не қарасты учаскелік полиция бекетінің жұмысын жүзеге асыру бойынша Ереже қабылданып, кеңестің құрамы бекітілді.

Ережедегі басты міндет – бақылау бекеттеріндегі жұмысты күшейту, қаладағы қоғамдық тәртіпті нығайту. Бұл кеңестің құрамына қалалық мәслихаттың депутаттары, әр ауданның қоғамдық тәртіп бойынша мәселесін білетін қаланың Құрметті азаматтары мен ПИК және ТКЦ жұмыскерлері мүше болып қабылданды.

Қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева ІІБ қарасты  полициялық бақылау бекеттерінің жұмысына көңіл толмайтынын жеткізіп, қабылданған ережеге сай талап күшейтілетінін  атап айтты.

ІІБ бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Аманжол Кәрімовтің баяндауынша, қалада 5 полициялық бекет бар. Оның біреуі Жезқазған кентінде орналасқан. Қоғамдық тәртіпті күшейте түсу үшін алдағы уақытта бұл бекеттердің қатары өсіп, жұмыс жүйеленетін болады деп сендірді.

Жиын барысында депутаттар сын-пікірлерін айтып, ортақ үйдің тазалығы мен тәртібіне баса назар аудару керектігін өзекті мәселе ретінде көтерді.

Марал Сағынайқызы жиынды қорытындылай келе, айтылған  сын-ескертпелер  алдағы уақытта жойылып, оң нәтижеге қол жеткізу үшін жұмыла жұмыс жасау қажеттігін қадап айтты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.