Жылу маусымына дайындық жүйелі

Жылу беру маусымына әзірлік – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Әсіресе әлеуметтік нысандардың қыс мезгіліне дайын болуы маңызды. Сәтбаев қалалық мәслихат депутаттары өткен аптада бірқатар білім беру және денсаулық сақтау мекемесінде болып, ондағы әзірлік жұмыстарымен танысты.

Қазіргі уақытта қала мектептерінде жылу маусымына дайындық қызу жүруде. Барлық құбырлар талапқа сай тексерістен өтіп, кетеуі кеткен құбырлар қайтадан ауыстырылған. Ал жергілікті сумен, жылумен жабдықтау кәсіпорнының күзгі-қысқы кезеңге дайындығы ұйымдастырылған түрде, кестеге сай өтуде. Жылу беру қазандықтары толыққанды жылу беруге қауқарлы. Депутаттарға әзірлік барысын таныстырған қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков шаһардағы барлық мектептер жылу маусымына әзір екендігін айтты.

Халық қалаулылары атап айтқанда № 27, 19, 5, 3, 15 жалпы білім беретін мектептердің қысқа дайындығын тексеріп қана қоймай, кей нысандарда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының да барысын бақылады. Жөндеу жұмыстарының бекітілген кестеден кешіктірілуіне байланысты депутаттар ескерту жасап, мердігер ұйым өкілдеріне бұл мәселені дер кезінде жою қажеттігін айтты.

Депутаттық топ бұл мектептерде әзірлік жұмыстары аяқталып, тиісті актілер алынғандығына көз жеткізді.

Апта басында халық қалаулылары қалалық емханада болып, ондағы жылу маусымына әзірлікті бақылады. Нысанда әзірлік шаралары толығымен орындалған, емдеу мекемесінің жылу қабылдау жүйесі күзгі-қысқы мезгілге дайын. Депутаттар бұдан бөлек тұрғындардың флюорография және рентген кабинеттеріндегі кезектің көптігі туралы шағымдарына байланысты емделушілерге қызмет көрсетуді ұйымдастыру жұмысымен танысты.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.

Комментарии закрыты.