Сәулетті Сәтбаев

Сәтбаев қаласы Қазақстанның бай да терең тарихы бар қалаларының бірі. Қаланың өткені Жезқазған-Қарсақбай-Ұлытау іспеттес ұлан-ғайыр өнеркәсіптік аймақтың тарихымен тығыз байланысты. Қазақ даласында осындай мыс алыбының дүниеге келуіне қаламызға есімі берілген Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жүргізген кең ауқымды геологиялық-барлау жұмыстары бастау болды. Қаныштай кемеңгер тұлғаның ұрпақ жадында мәңгі қалар ісінің бірі – мысты шаһар Жезқазған мен сәулетті Сәтбаев қаласының негізін қалады.

Сәтбаев қаласының территориясы 1932 жылға дейін Ақмола мен Семей облыстарының құзырында болды. Кейіннен Қызылорда мен Шымкент облыстарының, ал, 1936 жылдың 29 маусымынан бастап Қарағанды облысының құрамына енді. 1926 жылы құрылған Қарсақбай ауданы мен оған бағынышты болған Жезқазған руднигі Оңтүстік Қазақстан құрамынан толықтай Қарағандының құзырына көшті.

1954 жылы Жезқазған-Рудник поселкесінен 7 шақырым жердегі жазық далада кеншілер кентінің құрылысы басталды. 1956 жылы Никольский жұмысшылар кенті аталып, ал, келесі жылы ол Бүкілодақтық комсомолдық қарқынды құрылыс боп жарияланды. 1973 жылдың 24 желтоқсанында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен құрамында Рудник және Северный поселкелері бар Никольский кентіне қала мәртебесі берілді. Тәуелсіздік тұғырын көтеруге ұмтылған тұрғындардың өтініш-тілегіне орай 1990 жылдың 13 қыркүйегінде шаһарға оның негізін қалаушы Қ.Сәтбаевтың есімі берілді. Қазірі таңда қаламызда 70 мыңнан аса адам өмір сүріп жатыр.

Сарыарқа жеріндегі алғашқы мыс магниткасының қалыптасуына Қ.И.Сәтбаев бастаған геологиябарлау жұмыстары зор септігін тигізді. Ғұлама ғалым Қ.И.Сәтбаев есімі тау-кен металлургиялық комбинатына берілді. Алғашқы кен өндірісінің қаһармандары М.Бөпежанов., В.Гурба, Л.Тузов., Қ.Кентаев, Ә.Құсайынов, Ғ.Омаров, Ө.Байқоңыровтардың да есімі мәңгілік тарихта қалды.

Жыл сайын қаламыздың туған күні кең ауқымда аталып өтеді. Бұл күн қаламыздың іргетасын қалап, оның дамуы мен өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген әр қала тұрғыны үшін ерекше мереке. Кеншілер қаласы аға буын өкілдерінің ерен еңбегімен бой көтеріп, бүгінде сәні мен салтанаты жарасқан әдемі қалалардың біріне айналды. Жыл өткен сайын сүйікті қаламыздың келбеті жақсарып келеді. Жаңа үйлер мен нысандар бой көтеріп, аулалар мен жолдар абаттандырылып,көгалдандырылған. Шағын және орта бизнес нысандары бар. «Достық үйінде» этномәдени орталықтар жұмыс жасайды. Орыс, украин, татар, Балтық жағалауы халықтарының бастамашыл топтары мен кәріс орталығы қаланың қайнаған қоғамдық өміріне белсене араласып, көптеген шаралардың ұйымдастырушысы болып келеді. Сондай-ақ, қаланың қоғамдық мәдени өсіп-өркендеуіне орталық кітапхананың да қосқан үлесі зор. Жыл сайын қала күніне орай «Жерұйық» өлкетану клубы аясында Құрметті азаматтар, кеншілер, еңбек ардагерлері, жергілікті ақындармен іс-шаралар өтеді. Өлкетану бөлімінде «Сәтбаев қаласының белсенділері», «Қала туралы қызықты деректер», «Біздікілер» жобалары жұмыс жасайды.

Әр жылдары өмір сүріп, кеншілер қаласының өсіп-өркендеуіне өзіндік қолтаңбалары мен өз үнін қосқан өлкеміздің ақындары Ш.Ділдебаев, К.Салықов, Ө.Сартов, Я.Асатов, М.Тілеуов, Ж.Омаров, М.Бекмағанбетова, М.Қожахметов, А.Дастан, М.Әлжаппаров, Д.Бұланбаев, А.Бұқармен «Жыр жауһар» поэзия клубы аясында поэзия кештері өткізіліп тұрады.

Тасына тері тамған ғұламаның,
Лайық есіміне ұлы ағаның.
Жайнайды жезді өлкеде
жасыл қала,
Шуақпен шомылдырып
шынар бағын.
Кеншілер балап жүрген бесігіне,
Кіндігі кенді өлкенің осы, міне.
Сыланған сұлу қала –
кен ордасы,
Лайық Қаныш аға есіміне, – деп Сәтбаев қаласының құрметті азаматы, кенші-ақын Мұса Тілеуов жырлағандай күн сайын қаламыздың келбеті көркеюіне тілектеспіз. Жұмылған жұдырықтай біріге отырып, қаламыздың қарқынды дамуы мен өркендеуі жолында еңбек етуге шақырамын.

Шолпан САБЫРОВА,
Әдістеме-библиографиялық бөлімінің жетекшісі.

Комментарии закрыты.