Көрме төрінде – мәдениет мақтаныштары

Өнер дейтін қастерлі ұғым туралы Шәкәрім: «Талаптан да білім мен өнер үйрен, Білімсіз, өнерсіз болады ақыл – тұл» десе керек. Бүгінде өнерді бала бойына жастайынан сіңіріп, тұлға болып қалыптасуына зор еңбек сіңірген мәдениет майталмандары сол жұлдызы жанған шәкірттерінің жетістігін зор мақтаныш тұтады. Қала күні қарсаңында Ш.Ділдебаев атындағы мәдениет және шығармашылық орталығы «Мәдениет мақтаныштары» фотогалереясын салтанатты түрде ашты.

Шаһардан түлеп ұшып, қазақ мәдениетіне зор еңбек сіңірген өнер иелері мен шәкірттеріне, мәдениет жанашырларын ұлықтаған фотокөрменің лентасы сәрсенбінің сәтті күнінде қиылды. Жаңа жобаның ашылуымен құттықтаған Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Төлендина фотокөрменің өскелең ұрпаққа берері мол екендігін еске салып, мәдениет қайраткерлері қашанда құрметке лайық екендігін жеткізді.

«Саған арнаймын, әсем қалам!» атты фестиваль аясында қала күніне арналған «Өнердің жаққан алауын, Мақтаныштары қаланың» атты көрмеге барлығы 130-ға тарта өнер иелерінің суреттері ілінген. Көрме 3 буыннан тұрады. Бірінші қатарда мәдениет саласының ардагер-ұстаздары, мәдениет қайраткерлерінің суреті ілінсе, кейінгі қатарларда мәдениет жанашырлары, ақын-жазушылар мен елге, қалаға танымал өнер жұлдыздарының суреті топтастырылған. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта галерея қорын толықтыру жұмыстары жалғасатынын жеткізді.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.