Жұмысты босаңсытпау – басты талап

Өткен аптада әкімдіктің мәжіліс залында «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаевтың төрағалығымен, қалалық мәслихат депутаттары мен партия мүшелерінің қатысуымен Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті.

Отырыстың күн тәртібінде 2011 жыл мен 2012 жылдың І жарты жылдығындағы бастауыш партия ұйымдарының, Сәтбаев қалалық мәслихатындағы «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясы мүшелерінің партиялық, атқарушылық тәртіптерін нығайтудағы және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі жұмыстардың атқарылуы сөз болды.

– Кейінгі кездерде партиялық бақылау жұ­мы­сы босаңсып кетті. Партияның тұғырнамасындағы басты міндеттерді шешу жолында басты қажеттілік ол – жүйелі жұмыс. Отырыстың мақсаты да сол – олқы тартып жатқан тұстарды біріге отырып, шешу, – деді төрағаның бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев. Күн тәртібінде көтерілген мәселер бойынша партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Нұрлыбай Наурызбаев баяндама жасады. – Партиялық бақылауды күшейту – талапқа сай жұмыс жасау. Партияның атынан депутаттыққа түскен кейбір мәслихат депутаттары азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдауда дәрменсіздік танытып отыр. Есесіне, жүктелген бұл міндетті атқаруда мемлекеттік мекемелердің басшылары белсенділік танытуда. Он үш бастауыш ұйымның кейбіреулерінің жұмыстарында да кемшілік бар. Сондай-ақ, кейбір мекемелерде партиялық тіркеу картасына партия мүшелерінің суретін өткізу, партиялық жарнаның төленгендігін растайтын түбіртек қағазды уақытында өткізуге салқынқандылықпен қарап отыр. Уақытында атқарылмаған жұмыстың да мәні болмайтындығын біле тұрсақ та, осынша созбақтаудың қажеті бола қоймас, – деді баяндамашы Н.Наурызбаев.

Қалалық мәслихаттың «Нұр Отан» ХДП депутаттық фракциясының басшысы Айгүл Төлендина жоғарғы партия мектебіндегі оқу нәтижелерін баяндай келе, партия атынан депутат лауазымын иеленген азаматтардың кейбірі өздері сайланған учаскедегі тұрғындардың мәселелерін білмейтіндігін баса айтты.

Одан кейін партиялық бақылау бекеттерінің басшыларының атқарып отырған жұмыстары бойынша есебі тыңдалды. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі бойынша қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай, қаланы абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалық бағдарламасы бойынша депутат Иманбай Бралин баяндады.

Отырыста депутаттар қала тазалығы мен абаттандыру мәселесі төңірегінде сөз қозғады.

Жаңбырбай Әбжәметұлы жұмысты босаңсытпау – басты талап екенін, алға қойып отырған мақсаттарға жету үшін тиянақты жұмыстар атқарылуы керектігін ескерте келе, отырысты қорытындылады.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.