КӨМІРШІГЕ – ҚҰРМЕТ

Облыстық мемлекеттік архивте Социалистік Еңбек Ері Галиулла ХАЙРУЛЛИННІҢ жеке қоры ашылды. Шахтердің туыстары суреттерін, мақтау қағаздары мен хаттарын, ұзын-ырғасы 60-тан астам құжаттың түпнұсқасын тапсырды.

Галиулла Хайруллин 1909 жылы 2 мамырда Татар АССР-інің Азнакаев ауданындағы Чалпы ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын Луганск облысындағы алтын кен орнында бастады. Қарағандыға 1931 жылы Донецк кеншілерінің бірінші легімен жаңа көмір бассейнін игеруге келді. 1946 жылдан «Молотовуголь» тресінің №64/83 шахтасында істеді. 1948 жылы 28 тамызда «Социалистік Еңбек Ері» атанды. 1955 жылдан 1960 жылы зейнетке шыққанша «Ленинуголь» тресінің №37 шахтасында бригадир болды.

– Комсомолдық жолдамамен Қарағанды шахтасына алғашқылар қатарында келген Галиулла Хайруллович қажырлы еңбегімен өзіндік жарқын із қалдырды. Бұл құжаттардың келешек ұрпаққа берері мол екені анық, – дейді облыстық мемлекеттік мұрағат басшысы Жаңагүл Тұрсынова.

Жеке қордың ашылу салтанатында «Гордость шахтерского края» атты деректі фотокөрме ашылды.

Сәби СҰЛТАН.

Комментарии закрыты.