Ашықтық пен жариялылық бағытында

«Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова Жезқазған аймағына келген сапарында Сәтбаев қаласына да атбасын бұрды.

«Нұр Отан» партиясы Сәтбаев қалалық филиалының мәжіліс залында праймеризді өткізу тәртібін түсіндіруге арналған семинар-кеңесте Қадиша Оспанова партияның жас өкілдерімен және бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен кездесті. Алдымен жастарға мемлекетке қолдау көрсету керектігін айтып, праймериздің ережелерін түсіндірген Қ.Оспанова бүгінгі таңда басты кадрлық резерв ретінде партиядан патриот жастарды көргісі келетінін жасырмады. Ал, «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының төрағасы Ержан Хамитов өз кезегінде түрлі мемлекеттік бағдарламалар жөнінде баяндап, бұл бағытта қолға алынған жұмыстармен таныстырды.

– Жастарды қолдау бағытында 5 жылға арналған «Жастар-Отанға» деген бағдарлама бар. Онда жастардың белсенділігін, сапалы білім, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту және бос уақытты үнемді пайдалану сынды бес бағыт қамтылған. Бұл жоба тек қағаз жүзінде қалып қоймас үшін әр аймаққа жеке-жеке 5 жылға арналған 19 жол картасы әзірленді. Сәтбаев қаласындағы 15 мың жастың 47-сі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Яғни, түрлі бағыттағы кәсіппен айналысатындар. Бұдан бөлек, 357-сі жұмыссыз ретінде тіркелген. Осы деңгейді қалай төмендетеміз? Оларға қалай жұмыс тауып береміз? Алдағы уақытта осы сауалдарға жауап іздейміз. Жоғарыда айтылған «Жастар-Отанға» бағдарламасы мен JasOtan.kz сайтынан осы сауалдардың жауабын алуға болады, – деді.

Жалпы айта кетейік, Қарағанды облысы бойынша праймеризге 857 үміткер тіркелген. Олардың 26 пайызы жастар болса, 32 пайыздан астамы нәзікжандылар. Оның ішінде Сәтбаев қаласынан 43 азаматтан өтініш қабылданған. Бүгінде партия тарапынан халықпен кері байланыс арналарын орнатуға ерекше назар аударылуда. Праймериз тәсілі арқылы партия жаңа «әлеуметтік лифт» қалыптастырмақ. Яғни, алдағы сайлауларға ұсынылатын адал, іскер, ел сенетін тұлғаларды іріктеп алмақ. Осы орайда, «Нұр Отан» партияішілік іріктеуді ашықтық пен жариялылық қағидаларына сай өткізуді жоспарлап отыр. Саяси технологиялық тәсілдің де басты мақсаты – негізгі сайлаулардағы партия мүшелерінің ынтымақты дауыс берулеріне қол жеткізу. Бір сөзбен айтқанда, праймериз дегеніміз партия ішіндегі айтыс. Партияның барлық деңгейдегі тұлғалары сайлау науқаны басталғанда ел арасына шығып, қоғамды дамытуға арналған бағдарламасымен таныстырып, ашық пікірталасқа көшпек. Осылайша үміткерлердің саяси ұстанымы мен ұсыныстары ел алдында ашық, жариялы түрде саяси пікірталаста анықталатын болады. Суырылып шыққан мықтылар, елге сөзі өтетін беделділер партия атынан үміткерлер тізіміне ілініп, одан әрі үлкен сайлауға түседі. Жаңғыру арқылы ашықтық пен жариялылыққа бағыт алған еліміздің саяси тарихында мәслихат пен мәжіліске депутаттыққа үміткерлерді іріктеу тұңғыш рет праймериз тәсілі арқылы өтпек.

Ережеге сәйкес, праймериздің міндеті – «Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидаты бойынша шынайы және мықты көшбасшыларды партия қатарына тарту, белсенді және бастамашыл азаматтар үшін «әлеуметтік лифт» құру, елді дамыту мәселелерін талқылауға көпшілікті жұмылдыру, аймақтарда жүйелі жұмыс жүру үшін өзекті мәселелерді анықтау, сондай-ақ, кандидаттардың жеке жауапкершілігін арттыру.

Алтынгүл ТӨЛЕГЕНОВА.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.