Үмітті үкілеп, сенімді серпілтті

Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы Жолда­уында әлеуметтік жаңғыру мәселесін мемлекеттік ба­сымдық ретінде айқындаған болатын. Дәл осы басымдыққа қатысты билік тармақтарына қадау-қадау тапсырмалар жүктелгені де белгілі. Расында әлеуметтік мәселелер экономикалық мәселемен бірге қаралып, соның арқасында қара­пайым қазақстандықтардың өмір сүру сапа­сына қатысты мәселенің бәрі қоғамға тү­сінікті әрі ұзақмерзімді әлеуметтік бағ­дарламамен ұштастырылуы тиістігін Президент қадап айтып жүр.

Өткен аптада Президенттің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламасы баспасөз беттерінде толық жарияланды. «Менің назарымдағы басты мәселе – әр қазақстандыққа қамқорлық көр­сету. Және бұл қажеттілік болып табылады, өйткені, әлеуметтік мәселелерді шешуге еліміздің барлық азаматтарының өмірі мен күн сайынғы өзін-өзі сезінулері тәуелді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақ­стан­да әлеу­меттік мемлекеттің берік іргетасы қаланды. Қазақстан объективті түрде орташа Еуропа елдерінің әлеуметтік даму сапасы деңгейіне нақты жақындады. Қазақстандықтардың өмір үлгі-қалып­тары тұрақты жоғарылауда. Бірақ, біздің азаматтарымыздың тұрақтылық пен игі­лік жемістерін қаншалықты тиімді пайдаланып келе жатқаны маңызды мәселе болып табылады», дегенді баса айтады Елбасы.

Сонымен қатар, Президент әлеуметтік мәселелерді кейінге қалдыруға болмайтынын, ал бұл, өз кезегінде, жаһандық дау­ыл­дарға қарсы тұра алу үшін жаһандық тұрақсыздық жағдайында, жаңа ғасыр жағ­дайында, Қазақстан қоғамы қандай болуы керек деген сұрақтарға жауапты талап ететінін айтады. «Мұндай балама Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы болып табылады. Бұл жерде ешқандай өзіндік идеология ойлап шығарылмайды. Ақыр аяғында, әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық эконо­ми­калық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адам­ның еңбегімен жасалады. Сондықтан, біз әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясы көз жетпейтін көкжиекте ойлап табылмаған. Бұл – практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені, мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бас­тадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп болып табылады!», – деп шегелей түседі өз пайымын Мемлекет басшысы. Оның айтуынша, бүгінде еңбек ХХІ ғасыр жағ­дайын­дағы шешуші ұлттық фактор ре­тін­де жаһандық бәсекелестік жағдай­ын­да бірінші кезекке ілгерілеуі тиіс.

Осындай әлеуметтік жаңғырту мәселелерін айта келе, Президент жаңғыртудың Жалпыұлттық тұжырымдамасы жоспар арқылы жүзеге асырылатын болса және тұтастай үдемелі индустриялық-инновациялық дамумен байланысты нақты экономикалық жетістіктерге негізделген жағдайда ғана табысты болатынын, яғни индустриялық-инновациялық дамудан тыс ешқандай жаңғырту мүлдем мүмкін еместігін жеткізген болатын. Одан кейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Үкіметке, Парламент пен «Нұр Отан» ХДП алдына 20 тапсырма жүктеді. Ондай тапсырмалардың негізі «Қазақ­стан-2030» стратегиясымен ұштасады. Мәселен, Үкімет алдағы бір жылдың ішінде 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Қа­зақ­стан Республикасын әлеуметтік дамыту­дың Жалпыұлттық тұжырымдамасы жобасын жасайтын болады. Соның аясында әлеуметтік заңнамалар жаңарып, барлық маңызды салалар – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, азаматтық қоғам институттарының қызметі және т.б. салалар арнайы заңнамалық актілермен реттеледі.

Елбасы әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді модельдерін қалыптастыруға қатысты міндеттерді алға тартады. Оның ішінде жұмыспен қамту саласына жеке-жеке тоқталып, бұған барлық мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастық ерекше назар аударуы тиістігін атады.

Елбасы жүктеген тапсырмалар арасында тұрғын үйдің қолжетімділігіне, оның ішінде жалдамалы тұрғын үйді дамытуға, сондай-ақ, білім беру жүйесін жаңғырту жөніндегі бұдан былайғы қадамдарға да тоқталды. Денсаулық сақтауды жаңғырту және саламатты өмір салтына қатысты да ұсыныстар жасады. Оқушылар үшін оқудан тыс спорт секцияларын бюджеттік емес қаржы көздерінен қаржыландырудың тетіктерін енгізуді қамтамасыз етуді де тапсырды. Әлеуметтік жаңғыртудың ақпараттық-мәдени құрамдасы туралы да сөз болды.

«Біз әлемдік дағдарыстың қиыншылықтары арқылы ХХІ ғасырға жаңа — жалпыға ортақ еңбек қоғамы трендінің қалай біртіндеп еніп келе жатқанын айқын көріп отырмыз. Либералдық бағыттағы да, сол сияқты социалистік бағыттағы да қиялшыл идеялар өткен ғасырдың еншісінде қалуда. Әлеуметтік реализм іс жүзіндегі векторға айналуда. Сондықтан біздің әлеуметтік саясат бәсекеге қабілетті және күшті жалпыға ортақ еңбек қоғамын құруға бағытталуы тиіс. Шындықты мойындайық: болашақта ХХІ ғасырда тек еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады. Мен қазақстандықтардың әлеуметтік жаңғырту саясатына қолдау көрсететініне, оның сыртында оны жүзеге асыруға барынша тікелей және мүдделі түрде атсалысатынына мейлінше сенемін», деп аяқтайды мақаласын Елбасы.

Президенттің бұл мақаласы бүкіл қоғамға ой салды десе де болады. Елбасы тапсырмалары елді елең еткізіп қана қоймай, халықтың қызу қолдауына ие болды. Тіпті бұны 2012 жылғы Жолдаудың жалғасы әрі оны жүзеге асырудағы негізгі мәні деуге де болады. Бір сөзбен айтқанда, Президенттің пәрменді тапсырмалары қоғамның қалың жігіне үлкен дем берді, жастардың үмітін үкілеп, сенімін серпілтті.

Ағымдағы аптаның соңында ел Үкіметі Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында көрсетілген тапсырмаларды іске асыру жоспарын мақұлдады. Оған сәйкес, биыл әлеуметтік салаға арналған ұлттық заңнамамызға қайта түбегейлі шолу жасалады. Ал келесі жылы «Қазақстанның әлеуметтік дамуы 2030» Жалпыұлттық тұжырымдамасы әзірленетін болады.

Елбасы өз мақаласында отандық БАҚ-тарды да назардан тыс қалдырмағаны қуантты. Елдегі ақпарат құралдарының маңызды екендігі баса айтылды. Бұл бағытта Елбасы көптен күткен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне журналистердің қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп журналистік этика кодексінің жобасын әзірлеуді тапсырды. Жоба журналистер қауымының оң жамбасына келіп жатса, ақпараттық кеңістіктің көк жиегі кеңейіп, қалам ұстап елдің даму жолында тер төгіп жүрген журналистердің мәртебесі артады деп сенеміз.

Дайындаған Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.