Дәстүрлі кеш жалғасын тапты

Рамазан – айлардың сұлтаны. Бес парыздың үшіншісі саналатын Рамазан оразасы – татулыққа, мейірімділікке, ізгілікке бастайтын жол.

Осы ізгілікке толы айдың мән-маңызын түсіндіріп, дәріптеу мақсатында Сәтбаев қалалық Балмағамбет Балқыбайұлы атындағы мешіт пен қалалық әкімдік бірігіп «Қош келдің, Рамазан» деген тақырыпта дәстүрлі түрде діни-сазды рухани кеш ұйымдастырып келеді. Имандылықты, тура жолды дәріптеген кеш биыл да жалғасын тапты.

Рухани кештің шымылдығын мешіттің найб имамы Хамит Мырзагелдиев Құран оқып ашты. Одан кейін мемлекеттік Әнұран орындалды.

Кешке жиналған сәтбаевтықтарды ұлық айдың келуімен  қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева құттықтады.

Орталық мешіттің бас имамы Бақдәулет қажы Әбдірахманов құттықтауын жеткізіп, ұлы айдың ұлылығын дәріптеді. Осы кешті ұйымдастыруға қолдау көрсеткен қала басшысы Батырлан Ахметовке Алғыс хат тапсырды.

Қасиетті ораза айының келуімен құттықтап, уағыз айтқан Жезқазған аймақтық Ахмет Ишан Оразайұлы атындағы мешіттің найб имамы Сәттіғұл қажы Қадірұлы елімізге тыныштық  тілеп, ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын деген тілегін жеткізді.

Қасиетті Рамазан айы мен ораза жайында бейнефильм ұсынылып, Динара Ширекбаева жетекшілік жасайтын «Алғабас» жастар театры ХХ ғасырдың зұлмат сынағы болған  «Семей полигоны» жайлы жазылған «Мәңгілік бала бейне» пьесасын қойды. Театрдың жас актерлері сомдаған әр рөл жиналғандарды қалың ойға жетеледі.

Кештің мәнін жергілікті әншілердің орындауындағы туған жер, Отан жайындағы әндермен қатар, діни әндер, термелер аша түсті.

Сәтбаевтық жастар театры да рухани азық болар көріністерін көпшілік назарына ұсынды.

Кештің шымылдығын Индира Асаинованың орындауындағы «Отанды сүю – иманнан» әні жапты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.