Тырнақалдының тұсауы кесілді

Өткен аптада Сәтбаев қаласының жұртшылығы қала күнін атап өтті. Осынау атаулы күнге орай қалада айшықты шаралар да аз өткен жоқ. Соның бірі – жыр көгіне қанат қаққан жас ақын Абай Ораздың «Бебеу» атты тұңғыш кітабының тұсаукесер кеші…

Тырнақалды жыр жинағының тұсаукесер кешіне қанаттас жатқан қос қаланың жырсүйер қауымы жиналды. Кешті аймағымыздың тағы бір жас тарланты, журналист, ақын Мұқағали Сейітқазы жүргізді.
Жазған жырының мыңдардың жүрегіне жеткенін қалаған және сол арманына жеткен ақын шын бақытты ақын. Жас та болса өзінің сырға толы жырларымен өз оқырмандарын қалыптастырып үлгерген Абай Ораз да сол санатта. Оның есімі бүгінде жырсүйер қауымға кеңінен таныла бастады.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Кәусар» баспасында жарық көрген жаңа жыр жинағына жас ақынның бір шоғыр өлеңдері мен шағын поэмасы топтастырылған. Тұңғыш кітап туған жер, замана, уақыт, адам, ізгілік пен ұлылық, достық пен парасат жайлы сыр шертеді. Ақын дүниедегі кез келген құбылысқа дала перзентіне тән жүйрік қиялмен ой жүгіртіп, сергек сана, парасатты пайыммен тобықтай түйін түйеді. Оның қай өлеңінен болмасын қазақы қасиеттер аңқып тұр.

Өлеңдері поэзияға тән жанды сурет, терең толғаныс пен нәзік лиризмге бай жаңа кітаптың тұсауын аймағымызға белгілі жазушы, ақын, аудармашы, драматург Кенжебай Ахметов пен осы кештің өтуіне мұрындық болған «Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, журналист, ақын Абдолла Дастанов кесіп, поэзия патшалығына өзіндік үнімен келген жас талантқа ақжол тіледі.

Кеш барысында ақынын ардақтауға, құрметтеуге, өзінің шынайы ілтипаттарын танытуға жиналған жұртшылықтың жүрек түкпірінен жарып шыққан ізгі тілектері жыр дестесіндей төгілді. Кеш иесі Абай Ораздың өзі де ағынан жарыла сөйлеп, өзінің бірнеше жаңа жырларын оқыды.

Кеш әсем әндермен әспеттелді.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.