Қазақстанның болашағы жастардың қолында

Еліміздің көк байрағы желбірегеннен бері ата-баба дәстүрі көш түзеп, халқымыз еңсесін көтеріп, жарқын болашаққа бет алды. Бүгінде күллі әлем таныған тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Болашақта ел тізгінін ұстайтын жастар тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, елге қалтқысыз қызмет етсе, мемлекетіміздің экономикасы қарқынды дамиды әрі бәсекеге қабілеттілігі артып, өркениет көшінен қалмайды.

«Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білікті, алғыр әрі жалынды жастар қолында. Сендер, тәуелсіз қазақ елінің білімді жастары, өз соқпақтарыңды салып, оны елді дамуға бастайтын даңғылға айналдыруға тиіссіңдер», – деп ҚР Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай, жастар – қоғамның тірегі. Білімді ұрпақ ұлтының болашағын бұлыңғыр етпейді, өйткені, мемлекеттің ертеңi – жастардың қолында. Ал, жастардың заманауи білім алуына жағдай жасап, санаға сәуле шашар оқу-білімнің тізгінін ұстатуды мақсат еткен мемлекет пен Елбасының сындарлы саясатының арқасында еліміздегі білім саласы жылдан жылға жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Дегенмен, кейде «үлкен үміт артып отырған жастарымыздың бүгінгі рухани келбеті қандай?» деген сұрақ туындайды. Бүгінгі жас буын – өте еліктегіш, болып жатқан өзгерістерді ой елегінен өткізбей қабылдап, бойға сіңіріп үлгереді. Соның салдарынан ұлттың болмысы мен мәдениетіне жат түрлі саяси, діни ағымдар идеологиясының құлы болып, өзінің дәстүрлі рухани құндылықтарынан бас тартуда. Жастардың эстетикалық, діни көзқарастарын қалыптастыруда бүгінгі ғаламтор мен бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы зор екені баршаға мәлім. Себебі, ғаламтор желісіндегі сансыз ақпараттар жастардың өмір сүру салтына, жүріс-тұрысына, тіпті киім-киісіне де тікелей әсер етіп отыр. Орыс жазушысы А.Чехов «Адамның бойындағының бәрі – оның келбеті де, киімі де, жандүниесі де, ойы да сұлу болуға тиіс. Мен көркі мен киіміне қарағанда көз сүйсіндіріп, бас айналдыратын адамдарды жиі көремін, ал жан дүниесіне үңілсең, құдай сақтасын! Әп-әдемі сыртқы қабықтың ішіндегі жанның қап-қара болатыны сонша, оны ештеңемен жуып кетіре алмайсың», – деген екен. Бүгінгі таңда ұлтжанды әрі иманды ұрпақ қалыптастыру, рухани тірегі мықты, намыс-жігері мол жастарды тәрбиелеу өзекті мәселеге айналып отыр. Жастардың рухани әлемінің байлығы олардың өзі үшін ғана емес, бүкіл қоғам өмірі үшін де маңызды. Себебі, жас ұрпақтың ұстанған бағытынан, оның келбеті мен дүниетанымынан, саналы ғұмыр кешуге деген ынтасынан қоғам мен мемлекеттің тұтас дамуы анықталады.

Еркебұлан ЖАҒЫПАРОВ,
Сәтбаев қаласының дін сұрақтары бойынша ақпарат және кеңес беру орталығы директорының орынбасары.

Комментарии закрыты.