Үндеу-мақала – жаңа бастамалардың негізі

Өткен аптада қала әкімі Батырлан Ахметовтың төрағалығымен қала активінің жиыны өтті. Жиынға арқау болған – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» үндеу-мақаласындағы тапсырмаларды қалада жүзеге асыру.

– Өздеріңіз білетіндей, Елбасы Н.Ә.Назарбаев ағымдағы айдың оныншы шілдесінде елдің әлеуметтік-саяси жаңғыртылу бағытында өзекті деген мәселелерді қозғаған мақаласы баспасөз беттерінде жарық көрді. Бұл мақала – елдің жаңа бағытта дамуына тыныс берген құжат десек те болады. Өзекті әрі өткір мәселелердің шешімін біз бәріміз біріге отырып жүзеге асыруымыз қажет. Сонда Елбасы жүктеген тапсырмадан қорытынды шығады, – деп бастады жиынды Батырлан Ахметов.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің былтырғы жылғы Жолдауында «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Осы бағдарлама аясында елдегі жұмыссыз азаматтардың көбі арнаулы кәсіби білім алып, екі қолға бір күрек ұстады. Бұл жобаның шарапатын біздің кеншілер қаласының да тұрғындары көріп жатыр. Қаладағы еңбек қоғамына қарай бейімделу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары Бауыржан Апеков баяндады.

– Еңбек нарқындағы сұранысты қамтамасыз ету – ел дамуының бірден-бір көзі. Жұмыссыз азаматтарды еңбекке тартып, арнаулы білім алуға көмегі көлдей болған «Жұмыспен қамту – 2000» бағдарламасы біраз азаматтың пайда көзіне қолын жеткізді. Қалада бүгінгі таңда статистикалық мәлемет бойынша 179 жұмыссыз және 10434 жеке еңбек етуші бар. Бұл қала халқының 31 пайызын құрайды.

Еңбек нарығындағы сұранысты қанағаттандыру мақсатында қала бойынша еңбекпен қамтудың картасы жасалды. Бағдарлама шеңберінде былтырғы жылы 51 жұмыссыз азамат қайта даярлаудан өтіп, жұмысқа орналасса, биыл 60 жұмыссыз қайта дайындық курстарынан өтіп жатыр. Алда 10 азаматты курстан өткізіп, жұмысқа жіберу жоспарланып отыр. Бүгінге дейін қалада 19 әлеуметтік жұмыс орыны ашылды. Елбасы жүктеген тапсырмалардың барлығының да түйінін шешсе елдің саяси-экономикалық, әлеуметтік жағынан ілгері басып, әлемдік жаһандану үрдісінде еліміз өз орнын алады. Ендігі міндет – Елбасының үндеуінде тапсырылған тапсырмаларды жүйелі, нақты атқару.

Президент осы мақаласында көп жайттың басын ашып көрсетті. Соның ішінде білімге аса мән беру керектігін баса айтты. Қала бойынша білім саласында жүргізіліп жатқан игі істердің барысын білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Шынар Жанасылова мәлімдеді. – Елбасының әр Жолдауы қазақстандықтардың өмірінің жақсаруына кепіл болып келе жатқан саяси маңызды құжат. Ондағы тапсырмалардың барлығы да ел дамуына жетелейді. Ал, жиынға түрткі болып отырған үндеу мақала жаңа идеологияның, жалпы қоғам мен мемлекеттің дамуының екінші тынысын ашып, көрсетіп беріп отыр. Елбасы білім саласына да көп өзгерістердің енгізілуі керектігін баса айтты. Біз бұл бағытта жүйелі тапсырмаға сай, нақты жұмыстар жасауымыз қажет. Қалада білім саласындағы үдерістерді жүзеге асыруда барлық жағдай жасалған. Қазіргі күні мектептердің барлығы заман талабына сай жабдықталған. Жаңа технологиялардың көшіне ілесіп, ұстаздар қауымы сол технологияның тілін меңгеруде. Меңгерген әдіс-тәсілімен оқушының білімін шыңдай түсуде. Қалада сондай-ақ, жастардың спортпен де шұғылдануына толық мүмкіндік бар. Алпауыт компания «Қазақмыс» корпорациясы сыйға тартқан спорттық кешен барлық сұранысты қамтамасыз ете алады. Бұл кешенде спорттың 21 түрімен айналысуға мүмкіндік жасалған. Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, бұл жақсылықты тек қала жастарының 26 пайызы ғана қолданып отыр. Елбасы Жолдауында да, үндеуінде де жастардың барлығы спортпен шұғылдануын қамтамасыз ету қажеттігін тілге тиек етті. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының үндеу-мақаласы – жаңа бастамалардың негізі.

Н.Ә.Назарбаев «Нұр Отан» ХДП-на да көп тапсырмалар жүктеді. Партия тарапынан атқарылатын жұмыстардың мән-жайын «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев баяндады. – Жалпыға ортақ еңбек – қоғамның даму бедерін айқындайды. Дағдарыстың дүлей күшіне төтеп бере алмай, адымды қадамдары кері кеткен кейбір алпауыт елдердің жанында жас Қазақстан ел Көшбасшысының арқасында сол тығырықтан шығудың жолдарын тауып келеді. Бүйірден қысқан дағдарыстың екінші дүмпуіне төтеп бере алатындай, қауқарлылық керек-ақ. Осы қауқарлылық пен батыл қадамдар Елбасының үндеу-мақаласында нақты көрсетіліп отыр. Әрине, ол үшін ең алдымен қоғамдағы жұмыссыз азаматтардың еңбек нарқына тартып, өзіне және еліне пайда әкелетін саламен қамтылуы керек. Төраға партияға да қадау-қадау тапсырмалар жүктеді. Жергілікті филиалдар қазіргі күні осы үндеу-мақаланы түсіндіру жұмыстарын қолға алып жатыр. Ақпараттық-насихат тобы құрылып, жер-жерлерде кездесу ұйымдастырылуда. Алдағы дамудың негізін көрсеткен мақаладағы әрбір тапсырма болашақ үшін маңызды. Олай болса, болашақтың ертеңі үшін жұмыла іс атқарсақ, бағындырған белесіміз көп болмақ.

Үндеу-мақалада Елбасы кәсіби арнаулы мамандықтарды игеру – қоғамның басты сұранысы екендігін айтты. Осы тұрғыдан келгенде қалада елу жылдан аса кәсіптік мамандарды даярлап, оларды қоғамның сан-саласына қанаттандырған №3 кәсіби лицейдің атқарып отырған жұмысы тілге тиек етілді. Лицей директорының міндетін атқарушы Роза Кәпенова жас мамандарды арнаулы кәсіпке баулудағы жетістіктерге тоқталды.

– Лицей «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Темір жону ісі және оны өңдеу», «Дәнекерлеу ісі», «Құрылыс және ғимаратты жабдықтау» ісі бойынша жастарды кәсіби білімге баулиды. Біздің алға қойып отырған мақсатымыз – жаңа заман талабына сай бәсекеге қабілетті мамандарды даярлап шығару. Осы мақсатта лицей «Қазақмыс» корпорациясы мен «ПроСервис Восток» ЖШС-мен сондай-ақ, «Ютария LTD» ЖШС- мен келісім-шартқа қол қойған. Мұндағы мақсат 2-ші курсат соң кәсібін шыңдай түсу үшін тәжірибеден өтеді. Былтырғы жылы лицей қабырғасынан 92 жас маман еңбекке араласса, биылғы бітірушілердің қатары 87 болды. Бұл жас мамандарды жұмысқа орналастыру жайы қаңтар айынан бастап жүргізілді. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің араласуының нәтижесінде «Қазмехсервис» ЖШС-не 10 маманды орналастыруға қол жеткізсек, 10-ны «Қарағанды құю-механикалық» заводының филиалына орналастырылды. Біздің лицейде сондай-ақ, «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы бойынша 45 азамат 8 мамандық бойынша қайта даярлаудан өткізілуде. Оқуды аяқтаған соң, олар жұмыспен қамтылады.

Кәсіби лицейдің педагогикалық ұжымы Елбасының бұл үндеу-мақаласындағы жалпы еңбек қоғамын құру идеясын қолдайды әрі сол еңбек нарқына қажетті мамандарды даярлау ісіне атсалысуға әзір.

Бұл мақалада жастар саясатының жүзеге асырылуы да назардан тыс қалмады. Бүгінгі істеген істің барлығы да болашаққа деген бағыт-бағдар болса, сол болашақтың іргесінің берік болуы – жастардың білімі мен біліктілігінде екендігін Елбасы үнемі айтып жүреді. Активте үндеу мақалаға қала жастарының атынан қалалық жастар бастамашылдығы орталығының директоры Берік Әбен үн қосты. Ол сәтбаевтық жастар Елбасының үндеу мақаласын қолдайтындығын жеткізіп, индустриялдық игілік жолында еңбек ететініне дайын екендіктерін жеткізді.

Жиынды қорытындылаған Батырлан Ахметов үндеу-мақаладағы тапсырмалардың жүйелі іске асырылуын қамтамасыз ететін іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды және оның орындалуын бақылау қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиеваға жүктелді.

Еңселі елдің әлеуетін арттырып, әлеуметін жақсартуды көздеген бұл үндеу-мақала – жаңа бастамалардың негізі болмақ. Басталған істен күтер нәтиже көп.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.