Тұтастықты ту еткен

– Төлеген Нұрмағанбетұлы «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі 2013 жылы құрылғаннан бері толымды жұмыстар атқарып келеді. Өзіңіз осы қоғамдық бірлестіктің төрағасы ретінде игі істерге ұйытқы болып жүрсіз. Биыл елдегі карантиндік жағдайға қарамастан жазба ақындар арасында халықаралық мүшәйра өткізгендігіңізден хабардармыз. Осы жыр додасы туралы әңгімелеп берсеңіз.

– Иә, қиын жағдайға қарамастан «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің қаржылай қолдауымен Жезқазған қаласындағы «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі «Ұлытауым – ұлы дала киесі» деген тақырыпта жазба ақындардың республикалық мүшәйрасын ұйымдастырды. Мүшәйра ережесі Қаламгер.кз порталында жарияланды. Ондағы басты мақсатымыз – Ұлық Ұлыстың тарихи маңызы мен рөлін насихаттау, Ұлы дала мен Ұлытаудың тарихи орнын жырлау, Елдік, бірлік, тұтастық мәселелерін шешудегі Бағаналы жұртында қалыптасқан «Төрт босаға» жүйесінің тарихи мәнін ашу және Кәдір, Бабыр, Шегір, Сандыбай, Ерден тұлғаларын өлең өзегіне арқау ету болды.

– Қатысушыларға қандай талаптар қойылды?

– Ақындардың жас шамасына шек қойылмады. Өлеңдердің біреуі Ұлы Дала, Ұлық Ұлыс тарихы мен тағдыры жайлы, екіншісі аймаққа «Төрт босаға» деген атаумен танымал болған Сандыбай Төлекұлы, Кәдір Түрікпенбайұлы, Бабыр Бөкеншіұлы, Шегір және Ерден Сандыбайұлының өмірі мен азаматтық тұлғасы жайлы, үшіншісі еркін тақырыпта болуы шарт. Әр ақыннан үш өлеңнен электрондық нұсқада үстіміздегі жылдың 1 тамызына дейін қабылданды. Бұдан бұрын конкурсқа қатысқан немесе баспасөз бетінде жарияланған шығармалар қатыстырылған жоқ. Қазылар алқасының сараптауынан өткен лайықтылары марапатқа ұсынылды. Мүшәйра қорытындысын шығарар тұста қазылар алқасы мен ұйымдастырушы тарап арасындағы өзара келісім бойынша жүлде саны мен жүлде мөлшері тағайындалды.

– Қорытындысы шығарылды ма? Марапаттау салтанатын ұйымдастыра алдыңыздар ма?

– Республикалық жыр жарысының дүбірі еліміздің түкпір-түкпіріне ғана жетіп қойған жоқ, Қазақстанның аясынан тыс жерлерге де жетті. Алыстағы Монғолияда тұратын қандас бауырымыз да қатысуға өтініш білдіріп, ұйымдастыру комитетіне өлеңдерін жолдады. Монғолиялық азаматтың өлеңдері де мүшәйраға қатыстырылатын болып шешілді. Сонымен, маусым айынан 10-шы тамызға дейінгі уақыт аралығында 69 автордың шығармасы келіп түсті. Мүшәйра ережесінде көрсетілген талаптарға сай келмейтін шығармалар да кездесті, кейбіреулерінің көркемдік дәрежесі сын көтермеді. Қазылар алқасы мұқият сараптай келіп, жыр жарысының жеңімпаздарын анықтады. Нәтижесінде жерлестеріміз Кенжебай Ахметов бас жүлдені, Ғазиз Ештанаев бірінші орынды жеңіп алса, Дәулеткерей Кәпұлы екінші, жаңаарқалық Болат Асанов үшінші орынды иеленді.
Шығысқазақстандық Қуанбай Әскерхан – Сандыбай батыр, қарағандылық Салтанат Смағұлтегі – Кәдір би, Айзада Рахымжанова – Бабыр би, нұрсұлтандық Иманғазы Нұрахметұлы – Ерден аға сұлтан, Ахмер Біржан Шегір би атындағы арнайы жүлдеге лайық деп табылды. Ақтөбелік Нұрмұханбет Дияров, нұрсұлтандық Асан Мирас, семейлік Олжас Қасымов ынталандыру сыйлығын еншілесе, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Кәсіп қорған» кәсіподағының арнайы сыйлығы монғолиялық бауырымыз Сұраған Рахметұлына бұйырды. Ал, «Жастар болашақ» қоғамдық бірлестігі тағайындаған арнайы сыйлық ұлытаулық Мұқағали Сейтқазы, сәтбаевтық Абай Ораз, қарағандылық Жәнібек Әлимановқа табыс етілді. Алдағы уақытта халықаралық ақындар мүшәйрасына қатысқан өлеңдерден құралған жинақ 500 данамен жарық көреді.

– Алтын орданың 750 жылдығы аясында өткізілген «Қазақ жеріндегі саяси-құқықтық мемлекеттердің қалыптасу тарихы» Республикалық ғылыми-теориялық конференциясына ұсынылған мақалалар жинақ болып шығады деп едіңіз бір сөзіңізде.

– Иә, аталмыш жинаққа еліміздің ғалымдары мен жас зерттеушілерінің ғылыми мақалалары енгізілді. Барлығы 37. Жинақ жоғарғы оқу орындарының ғалым-оқытушыларына, магистранттары мен студенттеріне, музей және архив қызметкерлеріне, сондай-ақ, ел тарихына бей-жай қарамайтын оқырмандарға арналған. Жақында 500 дана болып баспадан шығады.

– Батырбек Мырзабеков ағамыздың «Аманат» романы да қолымызға тиіп қуанып жатырмыз.

– Нұр-Сұлтан қаласындағы «Кәусар» баспасынан 2000 данамен басылып шықты. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Батырбек Мырзабековтің «Аманат» романына шамамен XIX ғасырда Ұлытау өңірінде өмір сүрген, ел ішінде «Төрт босаға» атауымен танымал болған, аймақ жұртының бейбіт, берекелі тірлігі үшін қызмет еткен, бірліктің, бейбіт күннің қасиетін, татулықты ту еткен Сандыбай батыр Төлекұлы, Қадір би Түрікпенбайұлы, Шегір би Шалабайұлы, Бабыр би Бөкеншіұлы мен Ерден батыр Сандыбайұлы сияқты тарихи тұлғалардың тағдырлы өмір жолы мен сол кезеңнің қилы-қилы оқиғалары арқау етілген. Роман оқиғасы негізінен кейіпкерлер туралы ел ішіндегі айтылып жүрген ауызша деректер мен тарихи оқиғаларға негізделген. «Аманат» романы республика кітапханалары мен оқу орындарына тегін таратылады. Аталмыш жобаға «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС 19 млн 900 жүз мың теңге бөлді. «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің Басқарма отрысында жоспар мен шығын сметалары бекітілген болатын. Ұлықтау, құттықтау, тұсаукесер шараларын осы қыркүйек айының төртіне жоспарлаған болатынбыз. Бірақ, ҚР бойынша жарияланған карантинге байланысты шегерілді. Карантин мерзімі ұзартылатын жағдайда, үстіміздегі жылдың қыркүйек айының аяғында Онлайн режімінде өткіземіз. Жеңімпаздардың жүлдесін табыстаймыз. Сыйлы қонақтарға, ақындарға, баяндама мен мақала жазғандарға арнайы сыйпакет тапсырылады. Осы ретте қаржылай қолдау көрсеткен «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басшылығына, ұлтжанды, жаны жомарт азаматтарға үлкен алғыс айтамын.

– Әңгімеңізге рахмет. Тұтастықты ту еткен «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігі тарапынан атқарылған игілікті жұмыстар жемісін бере берсін.

Мейрамгүл САЯЖАНҚЫЗЫ.

Комментарии закрыты.