Дерек пен дәйек өзегі

Ғасырлық тарихы бар статистика мамандығының заман талабына сай жан-жақты дамып, мемлекеттік қызмет саласындағы маңызы арта түсті. Қоғам өмірінің сандық заңдылықтарын олардың сапалық мазмұнымен ажырағысыз байланыста сипаттайтын статистикалық ақпаратты жинап, өңдеуді, талдау мен жариялауды қамтитын қызмет саласы ретінде мемлекетте басты рөлге ие статистика мамандығы сан алуандығымен ерекшеленеді.

«Статистика» латынның статус деген сөзі қазақшаға аударғанда заттың нәрсенің құбылыстың жай-күйі дегенді білдіреді. Алғашқы кезде бұл сөз мемлекеттің саяси жағдайы деген мағынаны білдірді. Ғылым ретінде статистика тек XYIII ғасырда пайда болған. Статистика – сандық көрсеткіштердің жиынтығы, ол уақыт өткен сайын дамып жетіліп, толығып отырады. Статистикалық есеп ертеден жүргізілген. Мысалы халықты, малды, жерді, қалаларды есепке алуға қатысты тарихтан білеміз. Қазақстанда статистика органы тұңғыш рет 1919 жылы Далалық өлке статистика басқармасы ретінде құрылып, оның міндеті мен қызметі туралы ереже бекітілді, содан кейін де статистика жүйесінде бірнеше өзгерістер орын алды. ХVIII ғасырда Қырғыз (Қазақ) Автономдық Кеңестік Социалистік Республикасы (ҚАКСР) құрылды. Бұл оқиға ұлттың мемлекеттілігін қалпына келтірудің басы болып саналады. Қазақ АКСР құрылуына байланысты оның сол кездегі Үкіметі – Халық Комиссарларының Кеңесі (ХКК) өзінің 1920 жылғы 8 қарашадағы «Казақ АКСР-ындағы мемлекеттік статистика туралы» Ережесін бекітті. Бұл құжатқа сәйкес Статистика басқармасы Қазақ АКСР-ында «Республика аумағындағы барлық статистика органдарының қызметтерін біріктіретін, келістіретін және басқаратын» жоғарғы статистикалық орган болып саналды. Сонымен, Қазақстанның мемлекеттік статистика жүйесінің құрылу күнін 1920 жылғы 8 қараша деп санау қабылданды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 18 қаңтардағы қаулысы бойынша Қазақстан Республикасының статистика және талдау жөніндегі мемлекеттік комитеті (Қазақстан Республикасының статистика және талдау жөніндегі мемлекеттік комитеті, қазір – Қазақстан Республикасының Ұлттық статистика агенттігі) туралы Ереже бекітілген. Ережеге сәйкес статистика органдары өз жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруда. 100 жыл бұрын құрылған еліміздің статистика саласы ұзақ және күрделі кезеңдерді бастан кешірді. Өзінің дамуының әрбір кезеңінде қазақстандық мемлекеттік статистика үнемі жетіле отырып, өзінің міндетін лайықты орындап, еліміздің дамуына елеулі үлесін қосуда. Статистика қызметін ұлттық, өңірлік және әлемдік деңгейде әлеуметтік-экономикалық үдерісті өлшейтін құрал ретінде танып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қарар қабылдап, онда 2010 жылы 20 қазанды Дүниежүзілік статистика күні деп жариялау мақсатында қаулы қабылдап, сонымен қатар, мемлекеттерге атап өтуді ұсынды. Оның мақсаты – ресми статистиканың көптеген жетістіктерін танымал ету, статистикалық деректерді пайдаланушыға жеткізу.
Ал, Сәтбаев қаласының статистика басқармасына келер болсақ, ол Қарағанды облысы статистика департаментінің аумақтық бөлімшесі болып келеді. Негізгі міндеттері қатарында департаменттің салалық бөлімдерімен, ғылыми әдіснама және халықаралық стандарттар негізінде ақпарат жүйелерімен жұмыс жасау, оны жетілдіру, статистикалық көрсеткіштер тұтастығын, ақиқаттылығын, сондай-ақ, қала аумағында уақытылы жинауын қамту, өңірде болып жатқан экономикалық және әлеуметттік үдерістерді, олардың даму қарқынын зерделеу, жалпылау және мемлекеттік органдарды, тұтас қоғамды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы жан-жақты статистикалық ақпаратпен қамту. Тек еліміздегі, тұрғылықты өңіріміздегі нақты жағдайды түсініп, дәйекті деректердің негізінде әлеуметтік-экономикалық бағдарларды объективті түрде бағалау арқылы ғана келелі міндеттер белгілеп, табысты шеше аламыз. Бұл әрине, бізге, статистиктерге, жаңа айтарлықтай күрделі де жауапты талаптар қояды. Кейінгі жылдары статистиканы бұдан әрі дамыту мен жетілдіруде көптеген шаралар жасалуда. Біз қол жеткізген жетістіктерімізді мақтан тұтып, статисикалық ғылым мен тәжірибеге қызығушылық танытқандардың барлығымен бірге жұмыс жасауға әзірміз. Ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызға ие зерттеу жобалардың да жүзеге асырылуы осы статистика саласы арқылы жүргізіледі. Жаңа технологияның дамып, өркениеттілік сатысына көтерілген ХХІ ғасырда статистика саласында көптеген өзгерістер болды. Әсіресе, бізге тіркелген құжаттар, мемлекеттік мекемелердің есеп-қисабы электронды нұсқада онлайн режимде сайтта жарияланып, ақпараттардың халыққа қолжетімділігі кеңейді. Қалаға қатысты әрбір деректердің, бекітілген жоспарларға сәйкес зерттеліп, зерделенуі, талап етілген құжаттардың уақытылы әрі сапалы орындалуы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті мен облыстық статистика департаментінің басты назарында. Әрбір мекемемен, әрбір азаматпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің нәтижесінде ісімізде кешеуілдету, онлайн режимге түсетін ақпараттардың мерзімінен қалыс жариялануы болған емес. Статистика мамандығы – аса мұқияттылықты әрі жоғары біліктілікті қажет ететін сала. Ізденіссіз істің нәтижелі болуы мүмкін емес. Сондықтан да біз өзімізге жүктелген жауапкершіліктің маңызды екенін пайымдай отырып, жаңа жүйелермен жұмыс жасауға тырысамыз. Бізге қойылған талаптарға сәйкес үш жылда бір рет білім жетілдіру курстарынан өтіп, квалификациялық дәрежені көтеру міндеттелген. Жалпы алғанда, біздің мамандық тұтас бір қоғамның ғасырлар бойғы тарихын санамалап, санмен қалдыруға ұмтылады. Осы істе барлық сәтбаевтық тұрғындардың қомақты үлестері бар деп нақты айта аламыз.

Гүлсім ИСАТАЕВА,
Сәтбаев қаласының
статистика басқармасы
басшысының м.а.

Комментарии закрыты.