Жауапсыздық жарға жығады

Шаһарымызда жүргізіліп жатқан құрылыстардың сапасы мен олардың орындалысы қалалық Қоғамдық кеңес мүшелерінің назарынан тыс қалмай келеді. Өткен аптада кеңестің кезекті отырысы өтіп, күн тәртібінде екі мәселе қаралды.

Тұрғындар тарапынан автокөлік жолдарын жөндеу бойынша айтылған сын-ескертпелер ескерілген жиында алдымен №4, №5 шағынаудандардағы жолдарды орташа жөндеуден өткізу мен жиектастарды айырбастау және Тәуелсіздік даңғылы мен Гурба көшесінің жолдарын жөндеу мәселесі көтерілді. Жөндеу жұмыстары бойынша бюджеттік бағдарламаның орындалысы туралы қалалық ТҮКШ, АЖ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұржан Кенжеғұлов баяндады. Бүгінгі күні мердігерлер тарапынан жол жөндеуге қатысты кешіктірілу бар. Мердігерлер мұның себебін материалдардың уақытылы жеткізілмеуіне байланысты әрі «Жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы орналасқан азаматтардың жұмысқа құлықсыздығымен байланыстырды. Кеңес мүшелері мұның барлығы тек сылтау ғана екенін жеткізіп, келісім-шарт жасалғалы бері атқаруға болатынын айтып, жауапсыздықтың жарға жығатынын жеткізді. Сондықтан, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен әрі сапалы атқару қажеттігін алға тартты.

Кеңес мүшелерінің шешімімен бөлім басшысына бюджеттік бағдарламаның орындалысы бойынша күнделікті мониторинг жасау, сондай-ақ, уақытылы атқарылмаған жұмыстарға байланысты мердігермен атқарыла алмайтын жұмыстар көлемін бюджеттен алып тастауға экономика және қаржы бөліміне ұсыным беру, аталған аудандардағы жолдарды абаттандыру және асфальттау бойынша жұмыстардың қазан айының соңына дейін орындалуын қамтамасыз ету ұсынылды. Сондай-ақ, жол жөндеу кезінде мердігерлерден қолданатын құрылыс материалдарының сапалылығын талап ету, жол жиегіндегі қоқыстарды шығаруды қамтамасыз етуді ұсынды.
Жиында, сонымен бірге, №8 шағынауданның батыс, шығыс аумақтарында суды төмендету және жербеті суын бұру бюджеттік бағдарламасының орындау барысы туралы Сәтбаев қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Назикүл Сүттібаеваның баяндамасы тыңдалды.

Нұрлат ҚОНЫСБАЙ.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.